НҰР-СҰЛТАН, 7 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтанда өрт сөндірушілерге автокөлік жуу орнының ішінде көліктер жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға бүгін таңертең Нұр-Сұлтан қаласы Есенберлин көшесі, 26/1 мекенжайында болған.
"Өрт сөндірушілер сағат 08:59-да келген бойда "Батыр" көлік жуу орнының екі қабатты ғимаратында көліктер жанып жатқанын анықтады. Алдын ала болжам бойынша 13 жеңіл автокөлік зардап шекті", - делінген хабарламада.
Ғимарат ішінде автокөлік көп болғандықтан өртті сөндіру қиынға соққан. Алайда өрт сөндірушілер жедел қимылдап, жалынды сағат 10:21-де ауыздықтап, 10:53-те толық сөндірді.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда полицейлер бір отбасы ұйықтап жатқан үйдің есігін бұзып кірді
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелерінің 9 бірлік техникасы мен жеке құрамның 15 адамы жұмыс істеді.