Қоғам

ҚазҰУ университет жерінің сатылғанына қатысты ақпаратқа жауап берді

Әлеуметтік желідегі ҚазҰУ басшылығының жер учаскелерін беруге қатысы бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп атап өтті университет
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 қаңтар – Sputnik. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеттің жерін сатты деген айыптауларға жауап берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде жер учаскесінің бір бөлігі жекеменшікке берілгені туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазақ ұлттық университетінің лауазымды тұлғалары да, университет те жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім бермеген және жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетейік, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып табылады, сәйкесінше ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ", - делінген оқу орнының ресми жауабында.  

Сонымен қатар оқу орны Жер кодексінің 43, 44-1 және 48-баптары, сондай-ақ "Мемлекеттік мүлік туралы" заңның 4-бабының 1-тармағы мемлекеттік мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін басқару, беру/сату саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін белгілейтінін атап өтті. Бұл заң баптарында шешім қабылдау тәртібі заңнамалық түрде айқындалған, сондай-ақ мемлекетке тиесілі мүлік пен жерге қатысты кез келген жеке шешім қабылдау тәртібі алынып тасталған.

"Демек, университет басшылығы өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді бере алмайды", - деп толықтырды ҚазҰУ.

Оқи отырыңыз: Жер шетелдіктерге сатылмайды – Тоқаев 

Сондай-ақ, университет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару жөніндегі жерге орналастыру жобасын әзірлемеген, бекітпеген және оған ешбір түрде қатыспағанын хабарлады.

"Осылайша, әлеуметтік желідегі ҚазҰУ басшылығының жер учаскелерін беруге қатысы бар деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар ол университет басшылығының беделін түсіруге бағытталған. Айтылған деректерге қатысты құқық қорғау органдарына шара қабылдау үшін өтініш жолданды", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін заңгер, жер құқығы саласындағы сарапшы Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында бірнеше жазба жариялады. Заңгер ҚазҰУ жер учаскесі 73,2662 гектардан 72,4872 гектарға қысқарғанын жазды.