Қоғам

Полиция Төреғали Төреәлінің желідегі фотосына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр

Тексеріс нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес ықпал ету шаралары міндетті түрде қабылданады, деп мәлімдеді полиция
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 қаңтар – Sputnik. Алматы облысының полиция департаменті әнші Төреғали Төреәлінің фотосына байланысты тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әнші өлген аңды ұстап отырған фотосын әлеуметтік желіде жариялаған. 

"Қазір Алматы облысының полиция департаменті істің мән-жайын анықтап жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес ықпал ету шаралары міндетті түрде қабылданады. Сонымен қатар құқықтық баға да беріледі", - делінген полиция ақпаратында.

Экология министрлігінің хабарлауынша, аң аулау қағидаларын бекіту туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 27 ақпанындағы бұйрығына сәйкес, 1 қараша мен 15 ақпан аралығында түлкі аулауға рұқсат берілген. Ол үшін аңға шығу туралы рұқсат қағазы болуы қажет.

"Дегенмен, мұндай суреттердің жариялануын экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жануарларға зорлық-зомбылықты насихаттау деп есептейді", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, 2020 жылдың 25 желтоқсанында Төреғали Төреәлі Instagram парақшасында табиғат аясында түскен фотосын жариялады. Ол жерде әнші өлген аңды ұстап отыр. Желі қолданушылары әншіні сынға алған болатын. Ал Төреәлі бүгін желіден бұл фотоны өшіріп тастады.

ҚоғамФотоТөреғали Төреәлі