Қоғам

Денис Теннің өліміне қатысты сотталғандардың бірі бостандыққа шықты

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотталған Жанар Толыбаева бостандыққа шықты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотталғандардың бірі Жанар Толыбаева бостандыққа шықты. Бұл туралы Алматы облысы Іле аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"2019 жылдың 17 қаңтарында Алматы қаласының мамандандырылған қылмыстық соты Ж.Толыбаеваны Қылмыстық кодекстің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп таныды. 434-баптың санкциясы айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі төрт жазаның бірін ғана қолдануды көздейді. Сот ең қатаң жазаны таңдады. Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды", - деп жазылған хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеу органдары Толыбаеваға аса ауыр қылмыс туралы уақытылы хабарламағаны үшін айып таққан болатын. Жаза мерзімі қамауға алынған сәттен, яғни, 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап есептелді.

"Сот үкімі шыққан кезде Толыбаеваның 2 жастағы баласы болды және оның екінші сәбиге аяғы ауыр болатын. Ол жазасын өтеп жатқан мекемеде босанды. Айта кету керек, спортшының өліміне кінәлі деп сотталғандардың бірі баланың әкесі", - деді қалалық соттағылар.

Заңға сәйкес, ауыр қылмыс үшін сотталған кез келген азамат жаза мерзімінің 1/3 бөлігін өтегеннен кейін қалғанын жазаның едәуір жеңіл түріне ауыстыру туралы сотқа өтініш білдіре алады.

Бір жыл бұрын, 2019 жылдың желтоқсанында Толыбаева осы құқығын пайдаланған.

2020 жылдың 6 қазанында Алматы облысының Іле аудандық соты оның талап арызын қарастырып, мына жағдайларды ескерді:

  • прокурор Толыбаеваның талап арызын қолдап, бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеумен алмастыруды сұрады;
  • Толыбаеваның кәмелет жасына толмаған екі баласы бар: 2020 жылдың 6 қаңтарында үлкені 4,5 жаста, кішісі 6 айлық болды;
  • денсаулығына байланысты Толыбаева еңбектен босатылды;
  • ол жазаны өтеу тәртібін бұзған жоқ;
  • жазаның өтеу мекемесінің әкімшілігі оң мінездеме берді.

Осыған байланысты, сот Толыбаеваның қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды. Мұндай жаза Қылмыстық кодекстің 434-бабында да қарастырылған. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде ұрылардың қолынан қаза тапты.

Денис Тен ауруханада көз жұмды 

Сот 2019 жылдың басында Денис Теннің өліміне қатысты сотталғандарға үкім шығарды.

Арман Құдайбергенов Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы "Ұрлық", 192-бабы "Қарақшылық" және 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға сотталды. Ал Нұралы Қиясовқа "Адам өлтіру" және "Қарақшылық" баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айыру жасасы кесілді. Жанар Толыбаева 434-бап "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.