Өңірлер

Алматы облысында желіде оқырман санын көбейтпек болған жігіттердің басы бәлеге қалды

Екі жігіт алдын ала келісіп, әлеуметтік желілердегі жұрттың  назарын аудару үшін қоғамдық тәртіпті бұзған
Sputnik

АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында екі жігіт көліктің терезесін сындырып, видеоға түсірген. Сол арқылы әлеуметтік желіде оқырман жинағысы келген.

Polisia.kz порталының хабарлауынша, тәртіп сақшылары видеоны әлеуметтік желіні тексеру кезінде анықтаған.  

Тексеру барасында оқиға Есік қаласында 2021 жылдың 4 қаңтарында болғаны анықталды.

"Аталған дерек бойынша полицияға ешкім арыз түсірмегенімен, Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары тексеріс жүргізді. Дерек расталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Алмалы ауылының 21 жастағы тұрғыны және "Фольксваген пассат" автокөлігінің иесі –  Есік қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды", - делінген полиция таратқан ақпаратта.

Полицияның хабарлауынша, оқиғаға қатысушылар алдын ала келісіп, әлеуметтік желілердегі жұрттың назарын аударту мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзған. Олар парақшаларындағы оқырман санын арттырып, сосын көліктің әйнегін жөндемек болған.

Ұсталған екі жігіт істеген әрекетіне өкініп, видео жариялады. Басқа тұрғындардан бұл әрекетті қайталамауды сұрады.

Құқық бұзушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін материал сотқа жолданды.