Өңірлер

Желіде Қостанай облысында мерзімінен бұрын сайлау өтіп жатқаны туралы ақпарат тарады

Әлеуметтік желіде осы аптада Қостанай облысында жабық сайлау учаскелерінде мерзімінен бұрын дауыс беру басталғаны туралы ақпарат тарады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Facebook қолданушыларының бірі Қостанай облысы Алтынсарин ауданында "Сосновый" шипажайы учаскесінде депутаттыққа үміткерлерге мерзімінен бұрын дауыс беру басталғанын айтты.  

Қазақстандық осы ақпаратты жоққа шығаруды немесе растауды сұрады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stop Fake.

Ол "Қазақстандағы сайлау туралы" заңға сәйкес, бюллетеньдер учаскелiк сайлау комиссияларына сайлау күніне дейін үш күннен кешіктірмей және кемінде бір күн қалғанда жеткiзiлетінін атап өтті.

"Аумақтық сайлау комиссияларына, әсіресе учаскелік комиссияларға әлі бюллетеньдер берілген жоқ. Сондықтан дауыс берудің өткізілуі мүмкін емес. Санаторий аумағындағы сайлау учаскесі уақытша. Онда дауыс беретін сайлаушылардың тізімі сайлауға бес күн қалғанда ғана нақтыланады", - деді Малашко.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы: кімдер коронавирусқа тегін тексеріледі

Айтуынша, сайлау күні санаторийде қанша адамның демалатыны бүгін ғана, яғни 5 қаңтарда белгілі болады. Содан соң азаматтардың тізімі жасалып, учаскелік сайлау комиссиясына тапсырылады. Осыдан кейін ғана учаскеге қажетті бюллетеньдер жеткізіледі.

"Бұл сайлауға бір күн қалғанда болады. Яғни, бюллетеньдер тек 8-і күні ғана жеткізіледі. 4 қаңтарда "мерзімінен бұрын дауыс берудің" өткізілуі мүмкін емес", – деп түсіндірді комиссия төрағасы.

Қазақстанда 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді.