АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басшысы Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, президентке 2020 жылы нақты сектордағы өндіріс көлемі 2%-ке артқаны жайында ақпарат берілді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев мораторий мерзімін тағы бір жылға ұзартты
"Өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ке, оның ішінде азық-түлік өндірісі 3,6%-ке, фармацевтика 40%-ке, дайын металл өнімдерін өндіру 20%-ке, машина жасау 16%-ке, атап айтқанда автомобиль өндірісі 53%-ке, жеңіл өнеркәсіп 16%-ке өскен. Солайша нақты сектор ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтаудың басты факторына айналған", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Асқар Мамин президентке ұзақ мерзімді орта көрсеткіштер бойынша құрылыс саласының қарқыны айтарлықтай жоғары екенін айтты.
"Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5%-ке көбейген немесе 15 миллион шаршы метр баспана тапсырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 5,0%-ке жеткен", - делінген ақпаратта.
Тау-кен өндірісіндегі темір кені және өзге де пайдалы қазбалар бойынша өсім сақталды.
Премьер-министрдің айтуынша, елімізде күнделікті жаңадан індетке шалдыққандардың саны 0,46%-ке өскен, ел бойынша коронавирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9%-ті құрайды.
Жұқпалы аурулар ауруханаларының 29%-інде, жансақтау бөлімдерінің 21%-інде науқастар емделіп жатыр.
Сонымен қатар президентке инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және басқа да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер бойынша қабылданған шаралар жайы хабарланды.