НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Тәуелсіз Елдер Достастығының бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы мәжіліс депутаттарының сайлауы алдында жүргізіліп жатқан үгіт-насихат науқанына берген бағаларымен бөлісті.
"Миссияның пікірінше, үгіт-насихат науқаны тыныш әрі ұйымдастырылған деңгейде өтіп жатыр. ТМД-дан келген бақылаушылармен кездесулер барысында саяси партиялардың өкілдері сайлауалды кезеңдегі өз жұмыстары туралы ақпаратқа қатысты БАҚ-қа ешқандай наразылық білдірген жоқ", – деп жазылған ТМД атқарушы комитетінің сайтындағы хабарламада.
Бақылаушылар сайлау комиссиясы мен БАҚ сайлау науқанының барлық кезеңін кеңінен баяндауды қамтамасыз етеді. Газеттер мен телевидение және радиода азаматтарды сайлауға дайындық бойынша жұмыстар туралы ақпараттандырып, сайлау туралы заңның нормалары түсіндіріледі. Миссиядағылар сайлау науқанының барысы, мерзімі және кезеңдері туралы сайлаушыларға уақытылы ақпарат ұсынылып отыр деп санайды.
Атап өткендей, коронавирус салдарынан партиялар үгіт-насихат жұмыстарының басым бөлігін түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізіп жатыр.
"Сайлау кезіндегі бәсекелестерде саяси көзқарастардың кең спектрін білдірудің, еркін әрі ашық пікірталастар ұйымдастырудың мүмкіндіктері бар", – деп қорытты миссияда.
Оқи отырыңыз: Желіде Қостанай облысында мерзімінен бұрын сайлау өтіп жатқаны туралы ақпарат тарады
Айта кетейік, 4 қаңтардағы мәлімет бойынша миссия құрамына барлығы 227 бақылаушы аккредитацияланған. Олар Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдер мен бірқатар мекемелерден келген азаматтар. Ұзақ мерзімді негізде миссияда 20 бақылаушы жұмыс істейді.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.