Қоғам

Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Президент қол қойған жаңа заң Қазақстанда азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер институтының одан әрі дамуын реттейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің қызметін реттейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды", - делінген хабарламада.

Заңның жаңашылдықтары

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева заңның негізгі нормаларына тоқталды.

Заңда қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау нормасы көзделген.

Бұл жердегі басты талап – дербес және тәуелсіз қызмет ету. Сондықтан да жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілінен сайлау ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс кеңестер құрамын іріктеуге, әкімшілік ресурстардың ықпалын азайту үшін енгізілді.

Кеңес құрамына түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері тартылады.

Бұдан бөлек, қоғамдық кеңестердің өкілеттігі кеңейтіледі. Атап айтқанда, қоғамдық кеңестер келіп түсетін сұрақтарды олардың қоғамдық маңыздылығына қарай өздері іріктеп қарауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңестерге жергілікті деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшыларының есебін тыңдауға өкілеттік беретін норма енгізілді. Бұл өз кезегінде, құқық қорғау органдарының жауапкершілігі мен ашықтығын арттыруға септігін тигізбек.

Сонымен бірге, президенттің тапсырмасымен мемлекеттік сатып алудың конкурс комиссиясына қоғамдық кеңес мүшелерін қатыстыру көзделіп отыр.

Ұлттық компаниялар мен холдингтерде және ұлттық басқару холдингтерінде қоғамдық кеңестер құру жөнінде толықтырулар енгізілді.