АЛМАТЫ, 3 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 2021 жылы қанша шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
"Үкіметте бірқатар мәселені көтердік. Біздің бастама қолдау тапты. Бірінші кезекте – қолжетімді баспана. Оның санын жыл сайын көбейтіп жатырмыз. Мысалы, 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 800 пәтер пайдалануға берілді, биыл 8 000 пәтерді тапсыруды жоспарлап отырмыз", - деді Көлгінов Astana телеарнасына берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ, қала басшылығының инвесторлар мен құрылысшыларға жағдай жасап, тұрғын үй салу үшін түрлі әкімшілік кедергілерді уақтылы алып тастап отырғанын атап өтті. Биыл 3 миллион шаршы метрге жуық қолжетімді тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрғын үй бағдарламасына өзгеріс енгізілді
"Өткен жылы 1 700 000 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй қажетті инженерлік желілермен жабдықталуы керек екенін ұмытпауымыз керек. Жылу, су жүргізу қажет. Сондықтан біз үшін ЖЭО-3-ті тез аяқтау маңызды болып отыр. Жоба қазірдің өзінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін қосымша 440 гигакалория жылу алынады. Содан кейін сорғы-сүзу станциясын салу қажет. Құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 105 мың текше метр су аламыз", - деді әкім.
Оның айтуынша, көктемде осы станцияның құрылысы бойынша мемлекеттік сараптама дайын болады.