Қоғам

Министр коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның тиімділігі туралы айтты

Министр вакцинаның тиімділігі әрбір сынақ кезеңінде анықталатынын атап өтті, айтуынша, отандық препарат әлемдік деңгейдегі вакцинамен қатар келе жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина неге 96% нәтиже көрсеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Spunik Қазақстан тілшісі.

Ол вакцинаның тиімділігі әрбір зерттеу кезеңінде анықталатынын атап өтті.

"Мұны түсіну керек. Қазақстандық вакцина 96% нәтижені клиникалық зерттеудің бірінші, екінші кезеңінде көрсетті. Ал клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінде бұл процент төмен болатын шығар. Қанша айтқанмен, бұл жоғары нәтиже. Бірақ біз қазақстандық вакцинаға зор үміт артып отырмыз", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министр отандық препарат әлемдік деңгейдегі вакцинамен қатар келе жатқанын атап өтті.

"Бұл вакцина клиникалық зерттеудің үшінші кезеңіне өткен 12 вакцинаның арасында бар. Қазіргі таңда біз отандық вакцинаның тиімділігі өте жоғары екенін көріп отырмыз", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы: кімдер коронавирусқа тегін тексеріледі

Цой қазақстандық вакцинаны дайындаған ғалымдардың біліктілігі мен тәжірибесі мол екенін айтты.

"Бұл вакцинаны жасап жатқан зертхананың негізі Кеңес одағы кезінде қаланған. Бұл институт бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Ол Кеңес одағы кезінде биологиялық қауіпсіздікті зерттейтін негізгі зертхананың бірі болды. Сондықтан мұнда біліктілігі жоғары ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Олар ұзақ жылдар бойы осында еңбек етіп, тәжірибе жинады", - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Алексей Цой әлі күнге дейін неге вакцина салдырмағанын түсіндірді.