Қоғам

Алексей Цой неге вакцина салдырмағанын түсіндірді

Денсаулық сақтау министрі клиникалық сынақтың барлық фазасының аяқталғанын күтіп отыр, оң қорытынды шыққан соң, екпе ектіруге дайын
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцинаны әлі күнге дейін неге салдырмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әзірге отандық та, ресейлік те вакцинаны салдырған жоқпын. Қазір біз қорытынды нәтижені күтіп отырмыз. Содан кейін алғашқылардың бірі болып вакцина салдырамын. Вакцина Қазақстанда ресми түрде тіркеліп, жаппай вакцинацияға шыққан сәтте міндетті түрде салдырамын. Вакцинаның ресейлік не қазақстандық екенінде тұрған ештеңе жоқ", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерінің жартысы қазақстандық, жартысы ресейлік вакцинаны салдырады. Сол арқылы екі вакцинаның да қауіпсіз екенін, пайдалы екенін көрсеткіміз келеді, деп толықтырды министр.

"Алайда бұл үшін вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін тексеруіміз керек, оның тіркелуін күтіп отырмыз. Содан кейін салдырамыз, бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Бұл қауіпсіздігіміздің басты факторларының бірі деп санаймыз", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Министр Қазақстан коронавирустың қай аймағында тұрғанын айтты

Сонымен қатар, Цой басқа министрлер мен әкімдердің вакцина салдырып жатқанын жоғары бағалады.

"Әріптестеріміздің вакцина салдырып жатқаны жақсы, алайда денсаулық сақтау министрі вакцина салдырса, бұл халықты екпе егуге шақыру болып саналады. Демек, вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екені дәлелденген деген сөз. Соған байланысты біз медициналық қызметкер ретінде вакцинаның кепілденген, анық нәтижесін күтуіміз қажет. Қазір клиникалық сынақтың бірінші және екінші фазасында қауіпсіз әрі тиімді деген қорытынды шықты", - деді Цой.

Айтуынша, барлық қорытынды шыққан соң, реттеуші орган ретінде вакцина салдырып, оның тиімді екенін көрсетеді.

Ал қазір вакцина салдырғандар ерікті түрде жеке шешім қабылдады. Бұл клиникалық зерттеу аясында жүріп жатыр.