Мәдениет

Тоқаев Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды

Президент Роза Бағланова қазіргі күнге дейін елдегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

"2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы", - деп жазды президент Twitter-де.

Тоқаев майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін елдегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал екенін атап өтті.

"Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым", -деді ол.

Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Күміскөмей әнші, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы.

Соғысқа ерте аттанған қазақ әншілерінің бірі – Роза Бағланова. 1941 жылы соғыс оты тұтанғанда, өнер жұлдызы небәрі 19 жаста еді. Ол Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблімен бірге Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетеді. Ал 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады.