Әлем

Жаңа президент, әскери қақтығыс және жойқын жарылыс: 2020 жыл несімен есте қалды?

2020 жыл бүкіл әлемді дүрліктірген оқиғаларға толы болды, олардың бірсыпырасы туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қаңтар – Sputnik. 2020 жыл да тарих қойнауына енді. Әзірше, ол XXI ғасырдағы ең ауыр жыл болып отыр. Пандемия, әскери қақтығыстар, АҚШ-тағы президент сайлауы -  Sputnik Қазақстан тілшісі 2020 жылдың басты оқиғаларына шолу ұсынады.

Генерал Сүлейманидің өлімі

2020 жыл АҚШ-тың Ирак астанасы Бағдатқа жасаған әуе шабуылынан басталды. 3 қаңтарда америкалық пилотсыз ұшу аппараттары алдымен автокөліктер колоннасын, одан кейін әуежайды атқылап тастады. Шабуыл кезінде Иранның сырттағы операцияларға араласатын "Құдс күштерінің" қолбасшысы Касем Сүлеймани қаза болды. Әрі оған жақын бірнеше адам көз жұмды. Осы операцияға тапсырма берген АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter арқылы талай адамның өмірін сақтап қалғанын айтты. Ал Иран халқы көшеге шықты. Ел билігі болса, Сүлейманидің өлімі үшін кек қайтаратынын мәлімдеді.

8 қаңтарда Иран АҚШ-тың Ирактағы екі әскери базасын баллистикалық зымыранмен атқылады. Артынан жүздеген адамның қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Ал Трамп америкалық әскерилер арасында зардап шеккендер жоқ деді. Бірнеше күннен кейін Иранға қарсы санкциялар күшейтілді. 

Boeing апаты

Иран АҚШ-тың әуе базаларына соққы жасаған күні осы елдің қарулы күштері Boeing 737-800 жолаушылар ұшағын атып түсірді. Әскерилер оны америкалық зымыранмен шатастырып алған. "Тегеран-Киев" бағытында ұшқан 176 жолаушы мен экипаж мүшелерінің барлығы опат болды.

Әуелі Иран билігі әуе лайнерінің техникалық ақаулықтарға байланысты апатқа ұшырағанын мәлімдеді. Бірақ батыс елдері жан-жақты зерттеу жасап, нақты дәлелдерді ұсынғаннан кейін әуе қорғанысы жүйесінің қателік жібергенін мойындады. Барлық жолаушының отбасыларына өтемақы төлеп беруге келісті. Бұл украиналық авиация тарихында адам шығыны жағынан ең ірі ұшақ апаты болып саналады.   

Коронавирустың алғашқы құрбаны

2019 жылдың соңында Қытайда жаңа вирус тарай бастады. Бас кезінде көбісі оған мән бермеді. Алайда күн өткен сайын науқастардың саны көбейе берді. 11 қаңтарда жаңа коронавирустың алғашқы құрбаны тіркелді. Ауруханаға пневмониямен түскен ер адам көп ұзамай қайтыс болды. Ол Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарында жұмыс істеген. Бір жарым аптадан кейін Қытай билігі коронавирустың мутациясы мен жаһандық эпидемия жайында айта бастады. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда ғана жаңа пандемияның басталғанын мәлімдеді. Ол кезде COVID-19 біраз елге таралып үлгерген. Ал жаңа вирусты жұқтырғандардың саны 118 мың адамға жеткен еді.

Қазіргі кезде әлем бойынша коронавируспен ауырған 80 миллионнан астам адам тіркелді. Басым бөлігі жазылып шықты. Осы індеттен қайтыс болғандардың саны 1,8 миллион адамға жақындады.

Brexit іске асты

31 қаңтарда Гринвич бойынша сағат 23:00-де Ұлыбритания ресми түрде Еуропа одағынан шығып кетті. Бір сағат бұрын осы елдің премьер-министрі Борис Джонсон теледидар арқылы халыққа үндеу жасап, британдықтарды мойымауға шақырды. Алайда елде мерекелік көңіл-күй сезілген жоқ. Британиялықтардың басым бөлігі терезеге майшам қойып, сол арқылы болашақ үшін алаңдайтынын көрсетті. 

Ұлыбритания үшін 2020 жыл өтпелі кезең болды. Еуропалық одақ ережелері де жылдың соңына дейін сақталды. Осы елдің билігі өтпелі кезеңнен кейінгі одақпен арадағы сауда-саттықтың ережелерін де пысықтап алды. Осылайша, 47 жылдан кейін Ұлыбритания одақтан шығып отыр.

Мұнайдың бағасы минусқа кетті

Наурыздың басында ОПЕК+ келісімі аясында келіспеушіліктер басталды. Ресей мұнай өндіру көлемін қысқартудан бас тартты. Сауд Арабиясы оған ерегісіп, шикі мұнайды шығаруды арттырамыз деп шықты. Тіпті, бір баррелін 6-8 доллардан сататынын мәлімдеді. Осыдан кейін мұнайдың әлемдік бағасы құлдырап кетті.

9 наурызда Brent маркалы мұнай 32 доллардан төмен түсті. Ондай көрсеткіш Парсы шығанағындағы соғыстан кейін алғаш рет тіркелген. Мұнай өндіруші елдердің ұлттық валютасы құнсыздана бастады. Мәселен, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 460-470-ке дейін барды. Артынан WTI маркалы мұнайдың бағасы минус 40 долларға дейін түсті.

Әлемнің қор нарықтары да күрт құлдырап кетті. Мәселен, Нью-Йорк қор биржасының үш индексі (S&P 500, Dow Jones и NASDAQ) қатты төмендеді. Сауда-саттықты тоқтатуға тура келді. Артынан ОПЕК+ мұнай көлемін біртіндеп қысқартуға келісті.

Джордж Флойдтың өлімі

Мамырдың соңында АҚШ-та тәртіпсіздіктер басталды. Миннеаполис қаласында полицейлер афроамерикалық Джордж Флойдты ұстаған кезде басын жерге тіреп, тізесімен мойнын қатты қысып тастаған. Содан ер адам тұншығып, қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін халық көшеге шықты. Дүкендерді тонау фактілері де көп болды.

АҚШ-тағы жаппай тәртіпсіздіктер мен наразылық акциялары көптеген қалаларда өтті. Басқа мемлекеттер де тыс қалмады. Маусымда наразылық шаралары әлем бойынша 60 елдің 2 000-нан астам қаласында өтті. Ал Black Lives Matter Америка тарихында нәсілшілдікке қарсы ең үлкен қозғалысқа айналды. Жалпы, оған Американың 26 миллионнан астам тұрғыны қатысты.

Бейруттегі жарылыс

4 тамыз күні Ливан астанасы – Бейрутте жойқын жарылыс болды. Соның салдарынан 135 адам қаза тапты. Ал жарақат алғандардың саны бес мыңнан асты. Жақын маңдағы және бірнеше шақырым қашықтықтағы үйлер мен ғимараттар қирады. Ливандағы Қазақстан дипломатиялық миссиясының ғимаратына да зақым келді.

Сол күні теңіз портының қоймасында тұрған 2 750 тонна аммиак селитрасы жарылған. Мамандар жарылыстың күшін төрт жарым баллдық жер сілкінісімен теңестірді. Оның әсері Ливан астанасынан қашық жерде де сезілді. Бейруттің өзінде түсірілген сан алуан видеолар тарады. Мәселен, жас жұбайлардың видеосы бар. Одан жарылыстың қаншалықты жойқын болғанын көруге болады.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс

27 қыркүйекте Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштері Қарабақтағы байланыс сызығы маңындағы елді мекендерге оқ жаудырды деп мәлімдеді. Өз кезегінде Армения Қарабақ Әзербайжан тарапынан "әуе және зымырандық шабуылдарға ұшырағанын" хабарлады. Содан әскери қақтығыс басталып кетті.

Қарашаның басында Әзербайжан мен Армения атысты тоқтатуға келісті. Екі жаққа Ресей делдалдық жасады. Осылайша, 10 қарашадан бастап Таулы Қарабақтағы шиеленіс тоқтатылды. Келісімге сәйкес, Армения бірнеше ауданды Әзербайжанға қайтарды. Осы аймаққа ресейлік бітімгерлер жіберілді.

АҚШ-тағы президент сайлауы

3 қарашада Америка халқы 46-шы президентін сайлады. Барлық дауысты тыңғылықты санаудың нәтижесінде демократтардың өкілі Джо Байден жеңіске жетті. Саяси науқанның ресми нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, 14 желтоқсанда сайлаушылар алқасы Байденді президент деп таныды.

Әуелі Дональд Трамп сайлаудың нәтижесімен келіскен жоқ. Тіпті, бірнеше штатта сотқа арыз түсірді. Бірақ ештеңе өзгерте алмады. Содан жеңілгенін мойындап, билікті Байденнің әкімшілігіне беру процесін бастауды тапсырды.

2021 жылдың 6 қаңтарында Сенат пен Өкілдер палатасының бірлескен отырысында сайлаудың нәтижесі ресми түрде жарияланады. Ал 26 қаңтарда жаңа президентті ұлықтау рәсімі өтеді. Джо Байден АҚШ тарихында ең егде жастағы президент болады. Ол 78 жасында жаңа қызметіне кіріседі.