Қоғам

Некесіз туған немере мен алданған әнші: 2020 жылы ел аузынан түспеген кімдер?

2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер қойылғанымен, мәдениет пен өнер саласындағылар үшін жемісті жыл болды. Бірнеше қазақстандық өнерпаз шетелдік байқауларға қатысып, топ жарды
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 қаңтар – Sputnik. Оның арасында "Грэмми" сыйлығына ұсынылғаны да бар. Сонымен қатар былтыр әлеуметтік желіде ұтыс ойнатып, полиция алып кеткен әншілер мен ескі жазбалары үшін айыппұл төлегендер де болды.

2020 жылы фонограммаға қатысты шектеулерді жылдың маңызды жаңалығы десек артық айтпаспыз. Sputnik Қазақстан тілшісі осы және өзге де елді елең еткізген оқиғаларға шолу жасады.

Бесбаев пен Бәлиева арасындағы жанжал

Жыл танымал әнші Мейрамбек Бесбаев пен мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның арасындағы жанжалмен басталды. Мейрамбек Бесбаев Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланғаннан кейін мәжіліс депутаты жұмысына кедергі келтіріп, қысым көрсетіп жатқанын айтты.

Осы қызметке заңды түрде сайланғанын айтқан әнші бұрынғы басшылықтың жаңа басшылыққа қарсы қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын жеткізді.

"Бұрынғы басшылықтың артында сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз. Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз!", - деді Бесбаев Бәлиеваға қаратып жазған мәлімдемесінде.

Ал Бәлиева бұл іске өзінің еш қатысы жоқ екенін айтқан еді. Сонымен қатар әншіден телефон қоңырауын күтіп жүргенін мәлімдеді. Бірнеше күннен кейін әнші істің екі жақтың келісімі негізінде шешілгенін хабарлады.

"Бір елдің балалары болғандықтан, сөзге тоқтаған текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз ортақ мәмілеге келдік. Сол себептен, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған постымды алып тастаймын", - деп жазды әнші.

Осылайша жаңа қызметке сайланған "МузАрт" тобының әншісі көпшілікті бір дүрліктіріп алған еді.

Марат Омаровтың некесіз туған немересі

Көктемде белгілі композитор Марат Омаровтың отбасында дау туды. Отандық бағдарламалардың бірі түркістандық бойжеткеннің Марат Омаровтың ұлы Азамат Омаровтан қыз тапқанын хабарлады. Бойжеткеннің отбасы нәрестеге Омаровтардың тегін беруді сұрады. Алайда Азамат Омаров баланың өзінен емес екенін айтты. Ал оның өз отбасы, балалары бар.

Бағдарламаға қатысқан Марат Омаров "Бірден маған келмей ме? Біз өзі аз халықпыз. Мен жалпы қазақ қыздарының жылағанын қаламаймын. Ұлым екеуміздің арамызда ешқашан құпия болған емес. Ал бұл жағдайды маған айтпауы, оның сенімсіздігінен туып отыр. Мен үнемі өз жолың бар деп айтып отырамын. Әкенің малы балаға мал болмайды", - деді әнші. 

Сонымен қатар Омаров баланың немересі екені дәлелденсе, тегін беруге дайын екенін, материалдық жағынан да көмек көрсететінін айтты. Бағдарлама барысында ДНҚ сараптамасының нәтижесі хабарланды. Осылайша, кішкентай ғана Көзайым есімді сәби Омаровтар отбасының мүшесі атанды.

Біраз уақыт өткен соң Марат Омаров Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, немересінің жағдайы жақсы екенін хабарлады.

Коронавирус пандемиясы кезінде композитор Марат Омаровтың есімі жиі аталып жүрді. "Коронавирус, кет" әні лезде тыңдарман жинап, хит болды. Сол әні үшін Омаров АҚШ-қа шақырту алды. Алайда әлемге тараған індетке байланысты әншінің Америкаға қашан баратыны белгісіз.

Лотерея ойнатқан Ернар Айдар

Карантин кезінде әнші Ернар Айдар он екі адам болып жиналғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол тікелей эфирде ұтыс ойынын ұйымдастырып жатқан жерінен ұсталды.

Кейіннен Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті Ернар Айдардың таныстарымен бірге әлеуметтік желіде жалған лотерея ұйымдастырғанын хабарлады. Жүлдеге қымбат бағалы екі седан көлігі мен екі джип, Алматыдан пәтер, сондай-ақ, түрлі тұрмыстық техникалар қойылған. 

Кейін ұтысты ұйымдастырғандардың меншігінде мұндай жүлде болмағаны анықталды. Олар адамдарды алдап, қатысушыларды сендіру үшін төрт автокөлікті жалға алған. Жарнама арқылы жиырма мың билет сатылған, әр билеттің құны – 9 900 теңге. Ұтыстан жеңетін нөмір де алдын ала белгіленіп қойған.

Полициядан босап шыққан соң Ернар Айдар жарнама жасаймын деп алданып қалғанын айтты. Содан кейін әнші әлеуметтік желіде бірнеше ай бойы белсенді болмады.

"Бұл нәрсе маған ауыр тиді, себебі қаның түгіл ойыңда жоқ нәрсе саған бәле болып жабысқанда не істеріңді білмей қалады екенсің", - деп жазды әнші Айдар.

Фонограмма туралы заң

Былтыр парламент мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады.

Ол бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде кітапхана мен баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу және шығармашылық одақтарды қолдау мәселелері бар. Сондай-ақ осы құжатта фонограмманы қолдануға шектеу енгізу қарастырылған.

"Концерттік-ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдісі орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей, фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар фактілер де бар", - деді мәдениет және спорт министрі Райымқұлова.

Заңға сәйкес, әншілер концерт алдында фонограмманы қолдану туралы көрермендерге хабарлайды.

"Барлық жарнамалық өнімдер мен кассаларда фонограмма пайдаланылатыны туралы міндетті түрде хабарланады. Бұл көрермендің фонограммамен өтетін концертке билет сатып алу немесе алмауына қатысты таңдау жасауына мүмкіндік береді және ол билеттің бағасына да әсер етеді", - деп атап көрсетті Райымқұлова.

Сейфуллин Жолбарыс кіммен соттасты

Шілде айында әлеуметтік желіде әнші Сейфуллин Жолбарыстың шулы видеосы тарады. Ол жерде Жолбарыс дүкен ішінде бір ер адаммен сөзге келіп қалғаны түсірілген. Ал әнші өзінің видеодағы дөрекі әрекетіне карантиннің әсер еткенін жасырмады.

Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне видеоны жариялаған адамның оқиғаның қалай басталғанын қоспағанын айтты.

"Алдымен мен ренжіп қалдым. Ол жерін видеодан алып тастапты. Жүйкем тозғаннан кейін ғана айғайға көштім", - дейді ол. Алайда екі жақ жанжалға не себеп болғанын айтпауға өзара келіскен.

Осы видеоға байланысты іс сотқа жолданған. Әнші дөрекі сөзі үшін әкімшілік айыппұл арқалауға дайын екенін жеткізген еді.

Оқи отырыңыз: "Сөзбен жеткізу қиын" Мұхамедиұлы президенттер алдында өнер көрсетті

Сондай-ақ, қазіргі кезде айтылған сөз үшін де заң жүзінде жауапкершілік барын ескертіп, басқаларды сақ болуға шақырды.

"Бәріміз өлеміз": Кенталдың төрт жыл бұрынғы видеосы

Шілдеде Алматы қалалық полиция департаменті Кентал атымен танымал әнші Талғат Кенжеболатовты ұстап әкетті. Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде полиция формасын киген ер адамның видеосы анықталған. Онда автор орыс тілінде "күйзеліске ұшыраған және қиындыққа тап болғандарға" үндеу жолдайды.

"Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске душар болса, жүрегі ауырса, жұмыста, отбасында қиындықтар туындаған болса... Біреуді несие қинауы мүмкін. Уайымдамаңыз. Бәрібір бәріміз өлеміз", - дейді ол.

Алматы полициясы видеодағы ер адамның ішкі істер органында қызмет етпейтінін, сондай-ақ, коронавирус инфекциясының таралуына және қайғылы оқиғаларға байланысты үндеу жасауға болмайтынын айтты. Сондықтан полицейлер әншінің видеосын адамның қайғы-қасіретін мазақ ету деп атады. 

Әнші Кентал өзінің Instagram парақшасында мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, видео төрт жыл бұрын түсірілген.

Осы іске байланысты төрт сот отырысы өтті. Sputnik Қазақстан тілшісі онлайн форматтағы сот отырысына қатысқан болатын. Ол жерде Кенталдың мүддесін үш адвокат қорғады. Нәтижесінде Талғат Кенжеболатовқа құқық қорғау органы қызметкерінің формасын кигені үшін 13 890 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Данэлия "America's Got Talent" финалына шықты

Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова маусымда АҚШ-тың "America's Got Talent" шоуына қатысты. Содан кейін байқаудың финалына өтіп, өнер көрсетті.

Әлемдік шоудың жартылай финалында Данэлия Jessie J-дің – Who you are әнін орындады.

Қазылар алқасының құрамындағы актер Хоуи Мэнделл көрермендерді Данэлияға дауыс беруге шақырып, әншінің қабілетін жоғары бағалады.

"Менің ойымша, көрермендердің дауысы сенің үздік бестікке енуіңді қамтамасыз етуі тиіс. Өзімді таланттар шоуында қазылық етіп емес, тура бір сенің концертіңде отырғандай сезіндім. Ән орындау шеберлігің мен сахнадағы тұрысың, өзіңді көрсетуің, бәрі-бәрі тамаша әрі өз орнында болды. Сен қазірдің өзінде жұлдызсың", – деді Мэнделл.

Финалда он төрт жастағы әнші Сианың "Alive" әнін орындады.

"Бұл өте қиын композиция, бірақ біз дайындыққа өте аз уақыт берілгеніне қарамастан осы әнді таңдадық. Қолдау білдіріп, ілтипат сөздерін жолдап жатқандарға рахмет, бұл мен үшін өте маңызды", – деді Данэлия Төлешова. 

Финалда өнер көрсеткен өнерпаздарға көрермендер бір күн бойы дауыс берді. Нәтижесінде қазақстандық әнші үздік бестікке енбей қалды.

Балалар Евровидениесінде екінші орын алды

"Балалар Евровидениесі – 2020" байқауында қазақстандық жас әнші Қарақат Башанова 2-орынды иеленді. 12 жасар әнші байқауда 7 жасар кезінде өмірден озған әкесіне арнаған Forever әнін орындады.

Ұлттық қазылар алқасы мен онлайн дауыс беру нәтижесіне сәйкес қазақстандық қатысушы 152 ұпай жинады. Франциялық әнші 200 ұпаймен жеңімпаз атанды. Үшінші орын испаниялық әншіге бұйырды (133 ұпай).

Содан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарақат Башанованы жеңісімен құттықтады.

"Қарақат Башанованы "Балалар Евровидениесі – 2020" байқауында керемет өнер көрсетуімен құттықтаймын. Ол осы беделді халықаралық сайыста Қазақстанның абыройын асырып, жүлделі 2-орынды иеленді", - деп жазды Тоқаев.

Грэммиге ұсынылған қазақстандық

Қарашада сүйінші жаңалық хабарланды. Павлодар облысы Ақсу қаласының 20 жастағы тұрғыны Иманбек Зейкенов (Imanbek) "Грэмми" музыкалық сыйлығының номинанты қатарына кірді. Оның Saint JHN-нің Roses атты әніне жазылған ремиксі әлемдік хиттердің алдыңғы қатарында тұр.

Некесіз туған немере мен алданған әнші: 2020 жылы ел аузынан түспеген кімдер?

Иманбек Павлодар облысында теміржолшы болып жұмыс істеген. Бос уақытында ремикс жазады.

"Мен үйде Saint JHN-нің әуенін естідім. Осы әнге екі сағатта ремикс жаздым. Кейін ол видеоны интернетке жүктедім. Достарыма ұнады, бірақ айтарлықтай еш нәрсе болған жоқ. Үш айдан соң трек бір миллион жазылушысы бар топта жарияланыпты. Адамдар әуенді сол жерде тыңдай бастады. Бір немесе бір жарым айдан соң маған түрлі продюсерлер хабарласа бастады", - деді Зейкенов. 

YouTube желісінде видео миллиондаған қаралым жинады, ән U. S. Billboard Hot 100 рейтингінің бестігіне кірді және мамыр айында британдық хит-шеруде алдыңғы қатарда тұрды.

Ал "Грэмми" музыкалық сыйлығының жеңімпаздары 2021 жылдың 31 қаңтарында анықталады.

Қос қазақ әйелі сұлулық байқауында бақ сынайды

2007 жылдан бері өтетін "Әлем ханымы" сұлулық байқауына екі қазақстандық қатысып жатыр. Бірі – отандық танымал әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова. Екіншісі – астаналық келіншек Аяна Сұлтанбекова Орталық Азия атынан бақ сынауда.

"Әлем ханымы" байқауы қатысушыларға онлайн дауыс беру арқылы өтіп жатыр.

"Алғашқы күннен-ақ мені халық қолдай кетті. Оған қоса көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті өз елінен қатысушы шығып жатса да, Ресейден де дауыс беріп жатыр. Әрине, мұның бәрі мені қуантады, келесі қадамдарыма күш береді. Әлеуметтік желіге дауыс беру туралы жазба жариялаған кезде белсенділік пайда болды, бірден 9-10 мыңнан астам адам кіріп, сайт көтере алмай қалды", - дейді Әбдікәрімова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Байқауда әлем елдерінен 86 әйел қатысуда. Жылдың соңында қазақстандық Жұлдыз Әбдікәрімова онлайн дауыс беру бойынша көш бастап тұрды.