АЛМАТЫ, 1 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері темір қоршауға басы қысылып қалған төрт жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Түркістан облысы полициясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сайрам ауданының тәртіп сақшылары Манкент ауылында патрульдеу кезінде қоршауға қыстырылып қалған баланы байқаған.
"Полиция тасжол бойында орналасқан жабық тұрған құрылыс заттарын сату дүкенінің қоршауында қыстырылып тұрған төрт жасар баланы байқап қалған. Үш полиция қызметкері темір қоршаудан өтемін дегенде басы сыймай, қыстырылып қалған баланы босатып алды", - делінген полиция таратқан ақпаратта.
Анықталғандай, баланың анасы дүкенге барып келмек болып үйінен шығып кеткен. Бүлдіршін анасының артынан жүгіріп іздеп шыққан.
"Осы сәтте құрылыс заттарын сататын дүкеннен ары өтпек болғанда, басы сыймай тұрып қалған. Сол мезетте осы маңнан өтіп бара жатқан полицейлер оны тез арада шығарып, үйіне алып барған", - делінген ақпаратта.
Полиция баланың ата-анасына мұндай жағдайдың қайталанбауын ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.