АЛМАТЫ, 1 қаңтар – Sputnik. Каратэден Қазақстан құрамасының бас бапкері Жасталап Санауов қайтыс болды. Бұл туралы Ерлан Қарин хабарлады.
Жасталап Санауов қазақстандық каратэ қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды.
"Жасталап Санауов көп жыл бойы Қазақстан каратэ-до федерациясын басқарды, әлемге әйгілі JK Fan каратэ журналының республикалық нұсқасын шығарды. Соның арқасында Қазақстанда беделді халықаралық турнирлер өтті. Ол Дүниежүзілік каратэ-до федерациясының атқарушы комитетінің құрамына сайланған ТМД елдерінің алғашқы және жалғыз өкілі болды", - деп жазды Карин Facebook парақшасында.
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қайтыс болды
Сонымен қатар Ерлан Қарин әлі де біраз іс атқара алатын азаматтардың дүниеден өтіп жатқанына өкініш білдірді.
"Бір ай бұрын ол кісіні федерациядан мемлекеттік марапатқа ұсынғымыз келді. Жасталап алғысын айтып, марапаттан бас тартты, бірақ чемпиондарды өңірдегі жаттықтырушылар дайындап жатқанын айтып, сол кісілерді марапаттауды сұрады", - деді Ерлан Қарин.
Жасталап Санауов 1966 жылы 26 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Бала кезінен спортпен шұғылданған. Каратэ-додан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, Еуропа және әлем чемпионы.
1986 жылы жаттықтырушылық қызметін бастады, көптеген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен әлем чемпиондарын дайындады.