Оқиға

Ақтөбе облысындағы оқиғаның мән-жайын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды

Алдын ала болжам бойынша, кеніштегі кісі өліміне көміртегі тотығымен улану себеп болуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы "Весенне-Аралчинский" жерасты кенішінде төрт адамның қаза табуына байланысты оқиғаның мән-жайын тексеру үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы комиссия құрды. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Топтық жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерін тексеру үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Саламат Аманбаевтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды", – делінген хабарламада.

Комиссия құрамына еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің еңбек жағдайларын бақылау және еңбекті қорғау басқармасының бас сарапшысы Рустам Рамазанов пен төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Самат Таждавлетов және облыстық тау-кен металлургия өнеркәсібі және жарылыс жұмыстарын мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманы Нұрсерік Сәрсенбаев кірді.

Сонымен қатар, комиссия құрамына жұмыс берушінің өкілі – "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС бас директорының орынбасары Анжелика Шипилова мен еңбек ұжымының өкілі Қуанышбек Жанаисов та енген.

Тексеріс нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Кеніштегі жарылыс

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жазатайым оқиға 30 желтоқсан күні кешке жарылыс жұмыстарын орындау кезінде болды. Оқиға құрбандары "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС қызметкерлері: тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Рустам Шәметов пен Денис Черный, жүргізуші Берік Жақыпов болды.

Алдын ала болжам бойынша, кісі өліміне көміртегі тотығымен улану себеп болуы мүмкін. Қазіргі кезде кеніштегі жұмыстар тоқтатылды, қызметкерлер жер бетіне шығарылды.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облыстық білім басқармасының былығы ашылды

Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кенішке Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов, Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшылары келді.