Қоғам

2021 жыл: Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Ол пандемия салдарынан көптеген азаматтарымыздан айырылып қалғанымызды айтты. Олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да бар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа 2021 жылмен құттықтады.

"2020 жыл тарих қойнауына енеді. Дүние жүзі бұрын-соңды болмаған алапат індетпен бетпе-бет келді. Біздің халқымызға да оның зардабы тиді. Осындай қиын кезеңде тұтас ұлт болып бірлігіміздің қадір-қасиетін жете сезіндік. Дертке шалдыққан әрбір адамның тезірек сауығып кетуін тіледік. Бірақ індет адам талғамайды.", - деді президент.

Ол пандемия салдарынан көптеген азаматтарымыздан айырылып қалғанымызды айтты. Олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да бар.  

"Өмірден өткен адамдардың имандары саламат болсын! Енді мұндай қасірет қайталанбасын. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әр азамат мемлекеттің қамқорлығында болады. Алдағы жылдан бастап коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастаймыз. Оны азаматтардың қалауымен, ерікті түрде жүргіземіз", - деді мемлекет басшысы.

Президент осы күрделі кезеңде халқымыз береке-бірлігі мен ынтымағын арттыра түскенін атап өтті.

"Отандастарымыз бір-біріне қол ұшын беріп, жанашырлық танытты. Бұл – шын мәнінде, ізгілік пен қайырымдылықтың үлгісі. Ең бастысы, біз бәріміз бірге болдық. Мемлекет тарапынан миллиондаған адамға қолдау жасалды. Біз қоғамның игілігі үшін қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысын бағалай білдік. Дәрігерлер, мұғалімдер, тәртіп сақшылары, еріктілердің ерен ерлігіне куә болдық. Бұл азаматтар – бейбіт күннің нағыз батырлары, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы егемен еліміздің тарихындағы төртінші онжылдыққа қадам басатынымызға тоқталды.

"Біз келешекте Қазақ елінің қуатын одан әрі арттыра түсеміз. Барлық саладағы реформалар лайықты жалғасын табады.  Менің басты миссиям – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін сабақтастыққа негізделген тиімді саясат жүргізу. Біз аспен де, таспен де ұлттық мүдделерімізді табандылықпен қорғаймыз", - деді ол.

Президент әр шаңыраққа амандық пен ырыс тіледі.

"Босағадан еніп келе жатқан жыл берекелі болсын! Тек жақсылық пен қуаныш әкелсін! Әрбір шаңыраққа, әрбір отбасына амандық, бақыт, ырыс тілеймін! Отанымыз өркендей берсін! Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!", - деп тәмамдады сөзін президент.