Саясат

Мәжіліс сайлауы: теледебаттардың алғашқы раунды қалай өтті

Сөз сөйлеу барысында мәжіліске сайланатын бес партияның өкілдері елді дамыту бойынша өз бағдарламаларын ұсынды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанда мәжіліске сайланатын партия лидерлерінің теледебаты басталды.

Ереже бойынша үш раунд қарастырылған. Біріншісінде бір жарым минут уақытта Қазақстанның экономикалық дамуы сөз етілді.

Жеребе тастау қорытындысы бойынша алғаш болып Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Бауыржан Байбек сөз сөйледі.

Ол 20 күн ішінде партияның 60 мың мүшесі халықпен кездесу өткізгенін айтты. Түрлі сала бойынша 70 мың сауал түскен.

"Экономиканы қалпына келтіруге 21 триллион теңге бағыталады. Бизнес үшін кедергілер жойылады, 3,5 мың ауылды сумен қамтамасыз етеміз", - деді Байбек.

"Ақ жол" партиясынан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені азайтып, шағын және орта бизнес үшін барлық кредиттерді 6 процентпен қайта қаржыландыру керектігін айтты. Ол салық амнистиясы мәселесін көтеріп, қосымша құн салығын төмендетуге тоқталды.

"Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев ауыл шаруашылығы саласына деген көзқарасты өзгерту керек деп отыр.

Adal саяси партиясы кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев цифрлар тілінде сөйледі.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2 миллионнан астам адам кредитін өтей алмай отыр. Ал барлық инвестиция тауар алу үшін шетелге жұмсалып жатыр.

Қазақстанның Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров қазақстандықтардың шын мәніндегі жағдайы үкімет ұсынғаннан өзгеше екенін атап өтті.

Ол халықтың еңбегі тиісті деңгейде бағаланбай отыр деген ұстанымда.