Қоғам

"Жұрт алдында ұпай жинағым келмейді": Тоқаевтың ел есінде қалған атышулы мәлімдемелері

Қасым-Жомарт Тоқаев қандай да бір мәселеге қатысты көзқарасын, ой-пікірін шенеуніктер бас қосқан отырыстарда ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да жиі білдіреді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Санаулы күндерден кейін тарихтың жаңа парағы ашылады. Жаңа жыл қарсаңы –  өткенге көз жүгіртіп, ескі жылды қорытындылайтын кез. Осы орайда Sputnik Қазақстан 2020 тышқан жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел есінде қалған мәлімдемелеріне шолу жасап, тағы бір мәрте еске салғанды жөн көрді.

Ұпай жинамайтын президент

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұпай жинауға мұқтаж емес екенін ашық айтты.

Мұндай мәлімдемені мемлекет басшысы жазда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында жасаған еді.

"Ашығын айтайын: осы отырысқа дайындалып жүргенде маған кейбір өңірлер мен ведомстволардың бірінші басшыларын жұмыстан шығаруға, тіпті бүкіл үкіметті отставкаға жіберуге кеңес берді. Мұндай шешімді қоғам жақсы қабылдайды, ұпай жинайсыз деді. Бірақ, маған ұпай мүлде керек емес. Мен жауапты адамдарды тыңдауға және құлақ асуға дайынмын, бірақ жұрт алдында ұпай жинағым келмейді. Бұған жасым да, лауазымым да сай емес", - деген болатын Тоқаев.

"Той тойлап жүретін уақыт емес"

Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдық пен даңғазалықты құп көрмейтінін үнемі айтып жүреді. Президенттің ойынша, қазіргідей технология заманында той тойлауды доғару қажет.

"Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек", - деді ол бір сұқбатында.

Мемлекет басшысы қазір той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезең екенін атап өтті.

Қазақ тілі туралы бір үзік ой

Биыл қазақстандықтардың есінде қалған тағы бір сөз – президенттің мемлекеттік тілдің жай-күйіне қатысты ойы.

Тоқаев Қазақстанда тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін атап өтті. Айтуынша, тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайлық танытсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Сол себепті ол қазақ тілін дамыту ісінде қызбалыққа салынбауға шақырды.

Тағы оқыңыз: Әлемді әбігерге салған індет: қазақстандықтар неге вирустың барына сенбеді?

"Мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл хәлі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз", - деген болатын мемлекет басшысы.

Тоқаев кімдерді шегірткеге теңеді

Осы жылдың басында президент мемлекеттік қызметте "командамен ауысу" әлі де өзекті мәселе болып отырғанына назар аударды. Тоқаев ескі жүйеден шыға алмай, жаңғыру процестерін тежеп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді сынады.

"Ведомстволар мен бөлімшелердің басшылары шегіртке сияқты бір қызметтен басқасына секіріп жүр. Сол себепті Қазақстанға қоғамның талаптарына жауап беретін тиімді әрі әділ мемлекеттік басқару моделі қажет", - деген еді ол.

Президент мемлекеттік басқару жүйесінде меритократия принциптері үнемі сақтала бермейтінін жеткізді.

"Әлі күнге дейін қызметте таныс арқылы, ықпалды қамқоршылар арқылы көтерілу жағдайлары кездеседі. Бұл шындық қой. Мұны бәріміз де білеміз. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені қатаң сынға алып, анализ жүргізген жөн. Қоғамның пікірін де ескеру қажет", - деді Тоқаев.

"Жер шетелдіктерге сатылмайды"

Мемлекет басшысы қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайтынын тағы бір мәрте мәлімдеп, халықтың көкейіндегі күмәнді сейілтті.

"2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз керек. Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз", - деді президент.

Қазақстанда игерілмеген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатында ғарыштан мониторинг жасау заңнамалық тұрғыдан бекітілген.

Қымбат көліктер мен форумдарға мораторий

"Қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізу шығыстарына ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі тиіс", - деген болатын Тоқаев жыл басында.

Президент бөлінген ақша елдің мүддесіне қызмет етуі керек екенін қадап айтты.

"Намысымыз қайда?

Коронавирус індетіне төтеп бере алмаған отандық медицина Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына ілікті.

Президент елде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды өндіруді жолға қоятын кез келді деп санайды.

"Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?", - деп ашуланған еді президент.

Президенттің тапсырмасымен қуылған басшылар

Пандемия денсаулық сақтау саласындағы былық-шылықтың бетін ашқаны мәлім. Соның бірі "СК Фармация" компаниясы мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты болды. Ауру белең алған тұста халыққа толыққанды көмек көрсетілмей, дәрі-дәрмек тапшылығы сезілді.  

Тағы оқыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы - 2021: кімге, қалай және қанша төленеді?

"Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС қоры мен "СК Фармация" басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн", - деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент МӘМС қорының басшылығына іскерірек әрі жауаптырақ адамды қою керек екенін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы көп ұзамай орындалды.

Тоқаевты алаңдатқан Көбейтұз

Биыл жазда елорда іргесіндегі Көбейтұз көлі жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызды. Желіде адамдардың көлдегі тұзды қап-қабымен әкетіп, коронавирустан қорғайтын "дәрі" ретінде сатып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұдан бөлек Нұр-Сұлтан тұрғыны көлігімен Көбейтұзға кіріп кетті.

Қызғылт түсті көлге келтірілген залал туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Twitter-де пікір білдірді.

"Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті "Көбейтұз" көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды", - деп жазды ол.

Мемлекет басшысы бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып бергенін айтты.

"Әдемі рапорттардың қажеті қанша?!"

Тоқаев бір сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, қандай да бір шенеунікті жауапқа тартқан кезде сол мемлекеттік органның жұмысында ондай әрекеттер қайталанбайтындай оң өзгерістердің болғанын халық көруі керек.

"Мен осындай кешенді жұмысты әзірше көріп отырған жоқпын. Бүгінде шенеуніктер бірінен соң бірі ауысып жатса да, жүйелі проблемалар шешілмейді. Ақша миллиардтап ұрланғаннан кейін халыққа жемқорлардың ұсталғаны туралы әдемі рапорттардың қажеті қанша? Меніңше, осы саладағы жұмысты түбегейлі өзгерту керек", - деп атап өтті президент.

Ол жемқорлық бұл таза әлеуметтік індет екенін, оны бірлескен жұмыстың арқасында ғана жеңуге болатынын баса айтты.

Сонымен қатар, жуырда Тоқаев сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салатын заңға қол қойды.