Қоғам

Шымкент тұрғындары үш полицейге шабуыл жасады

Қазіргі таңда үш күдікті ұсталды, олар жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Шымкентте белгісіз біреулер үш полицейге шабуыл жасады, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Оқиға 28-нен 29 желтоқсанға қараған түні болды.

Республика даңғылында кезекшілікте жүрген учаскелік полицейлер көпқабатты үйдің ауласында отырған ер адамдардың үстінен түскен. Олар түнде шулап, тыныштық режимін бұзған.

Куәгерлердің айтуынша, ер адамдар полицейлердің ескертуін елемей, қарсылық көрсеткен.

Шымкент полициясы департаментінің ақпаратынша, Әл-Фараби ауданы полиция бөлімінің 3 қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-тармағы 1-тармақшасы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазір үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр.