Экономика

Ұлттық банк "Meдеу" коллекциялық монеталарын айналымға шығарып жатыр

Номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрі бойынша Қазақстан аумағында белгіленген құнымен қабылданады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі "Республика игілігі" монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік "MEDEÝ" күміс коллекциялық монеталарын айналымға шығарып жатыр.

"MEDEÝ" коллекциялық монеталары Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы  сатылады. Сату күні туралы ақпарат ҰБ ресми сайтында қосымша хабарланады. 

Онлайн-саудаға көшу эпидемиологиялық жағдай аясында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пилоттық режимде іске асырылуда. Монеталарды онлайн-сату және жеткізу Ұлттық банктің интернет-дүкенінің жаңартылған платформасы арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыстарды өңдеу белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, монеталарды сату бірнеше күнге бөлінеді.

"MEDEÝ" коллекциялық монеталары туралы

"MEDEÝ" монетасы дизайнының тұжырымдамасы атақты бөгеттің және "жарылыстан туындаған" мұз айдынының пайда болу тарихын суреттейді.

Монета дизайнының графикалық тұжырымдамасы бүкіл әлемге әйгілі "Медеу" биік таулы мұз айдынын қоршаған Іле Алатауының жартасты тауларын аллегориялық қабылдау негізінде жасалған.

"Монеталар алтын жалатылған күмістен, массасы 24 грамм, диаметрі 37 мм, "proof" сапасымен, таралымы – 3 000 (үш мың) дана. Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған", - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі. 

Монета аверсінің орталық бөлігінде "QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY" жазбасының, монета номиналын және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын білдіретін жазбалардың қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген.

Монетаның реверсінде ортада жартасты таулар аясында биік таулы "Медеу" мұз айдынының бейнесі орналасқан. Монетаны айналдыра жалпақ жиекте мынадай бедерлі жазулар орналасқан: монетаның соғылған жылы, мұз айдынының ресми ашылған жылы, белгіленген әлемдік рекордтар саны, теңіз деңгейінен биіктігі және мұз айдынының және оның орналасқан жерінің мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі атауы.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа 100 теңгелік монеталар пайда болды

Номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Күмістен жасалған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Коллекциялық монеталар Қазақстанның теңге сарайында дайындалды.