НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс ЕАЭО-ға мүше елдер мен Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстан, Беларусь және Ресейде Сербиямен еркін сауда туралы екіжақты шарттар қолданылады.
Ал Одаққа Армения мен Қырғызстанның қосылуына байланысты 2015 жылы барлық бес мемлекетке бірыңғай сауда режимін орнату қажеттілігі туындады.
"Жаңа келісімде екі жақты бажсыз саудамен қарастырылған тауарлар тізбесі ұлғаяды. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ елдері Сербияға ірімшік, алкогольдік ішімдіктер және темекі тауарларын бажсыз жеткізе алады. Бұрын бұл тауарларға импорттық баж салығы салынған", – деді Сұлтанов мәжілістің жалпы отырысында.
ЕАЭО елдері де сербиялық ірімшік, темекі және бренди үшін ішкі нарыққа қол жеткізу шарттарын жақсартты.
Сонымен қатар, ішкі нарықты қорғау мақсатында ЕАЭО құс еті, қант, маталар, алкоголь, темекіге, сондай-ақ, компрессорлар мен моторлы көлік сияқты бірқатар өнеркәсіп тауарына импорттық баж салығын сақтайды.
Келісімнің тағы қандай артықшылығы бар
Министрдің айтуынша, жаңа келісімнің тағы бір артықшылығы – ол Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі нормаларымен толықтырылып отыр.
Атап айтқанда, келісім тараптары санитарлық және фитосанитарлық шараларды, техникалық реттеу шараларын қолдану жолымен өзара саудада артық кедергілер жасамайды және зияткерлік меншік объектілерін қорғауға кепілдік береді.
Бұдан бөлек, тараптар ДСҰ-ның өзара саудада ұлттық режим және барынша қолайлы режим сияқты негізгі қағидаттарын қолдануға міндеттеледі. Осылайша, Сербия ДСҰ-ға мүше болмаса да, халықаралық ұйымның тиісті ережелерін орындау бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдайды.
Сұлтанов келісім Одаққа мүше мемлекеттерде өндірілетін тауарларды өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: ЕАЭО-ға мүшелік Қазақстанға не берді?
Атап айтқанда, қазақстандық тауарлардың Сербияға экспортын ұлғайту әлеуеті 250 миллион долларды құрайды. Олар: мұнай-химия, химия, машина жасау, металлургия, құрылыс және тамақ салалары.
Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаржы бөлуді талап етпейді, теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Мәжіліс заң жобасын мақұлдады.