Экономика

Министр жалақы бойынша берешегі ең көп өңірлерді атады

Биыл еңбек инспекторлары 4,2 миллиард теңге мөлшерінде анықталған жалақы қарызын өтеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 31 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбекақы бойынша берешегі ең көп өңірлерге тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бүгінгі күні еңбекақы бойынша жалпы берешек 724 миллион теңге. Ол жыл басынан 49 процентке, яғни 696 миллион теңгеге азайды. Дегенмен өңірлер бөлінісінде ең үлкен берешек Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына тиесілі", деді министр үкімет отырысында.  

Айтуынша, биыл еңбек инспекторлары 4,2 миллиард теңге мөлшерінде анықталған жалақы қарызын өтей білген. Қабылданған шаралар нәтижесінде 31 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. 

Нұрымбетов берешекті уақытылы өтеуді күшейту мақсатында биыл заңнамалық түрде мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушіге беретін ұйғарымының мәртебесі сот орындаушысының бұйрығына теңестірілгенін еске салды. Бұл жұмыс берушілерге қосымша есепшоттар мен мүлікке тыйым салу, елден шығуға шектеу шараларын қолдануға мүмкіндік береді. 

Ресми статистика бойынша республикада 324 мың кәсіпорында 6 миллион 650 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың жалақысы былтырғы жылмен салыстырғанда орташа есеппен 6,9 процентке өскен.