НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Зейнеткер және қандас куәліктері енді eGovMobile қосымшасында қолжетімді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Сервисті министрлік "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп іске қосты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру қызметі жетілдірілді
Ведомство сервис мемлекеттік мекемеге құжаттың түпнұсқасын өзімен бірге алып келмеген адамдарға пайдалы болатынын атап өтті. Куәлік иесі (зейнеткер немесе қандас) телефондағы мессенджерлер арқылы өзінің электронды құжатын талап еткен жерге көрсете алады. Сонымен қатар, цифрлық құжаттарда QR-код арқылы ашу мүмкіндігі бар, бұл құжатты сұраған тарапқа оның түпнұсқалығын тексеруге көмектеседі.
"Цифрлық құжаттарды пайдалану ыңғайлы, өйткені смартфонды әрдайым өзімізбен бірге алып жүреміз. Қағаз құжаттарды алып жүрудің қажеті жоқ. Бұл сервис электронды үкімет арқылы тексерілген", – деп атап өтті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін азаматтың әлеуметтік мәртебесін көрсететін әлеуметтік ID бірыңғай цифрлық құжатын іске асыру жоспарлануда. Жақын арада көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құжаттары цифрлық форматқа көшіріледі.
"Уақыт өте келе бізге құжаттардың қағаз нұсқалары мүлдем қажет болмайды", – деп толықтырды Оспанов.
Айта кетейік, бүгінгі күні сервисте келесі құжаттар да бар: жеке куәлік, некені тіркеу туралы куәлік, білімі туралы диплом, баланың туу туралы куәлігі, студенттік билет және т. б.