Өңірлер

Шымкенттік қарапайым сызғыш көмегімен 11 көлікті ұрлап кетті

Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының криминалдық полиция қызметкерлері әккі ұрыны анықтап, ұстады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Шымкентте төрт айда 11 жеңіл автокөлік ұрлаған тұрғынды ұсталды. Күдікті көліктерді қарапайым сызғыштың көмегімен ашқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, соңғы 4 айда Шымкент тұрғындарынан полицияға Daewoo Nexia маркалы көліктің ұрланғаны туралы арыз түсе бастады. 

"Іздестіру кезінде тергеушілер барлық фактіні жан-жақты зерделеді. Тергеу аясында әр оқиға орнына жақын орналасқан үйлердің тұрғындарынан жауап алынды. Сыртқы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, олар бойынша барлық оқиғаның хронологиясы жасалды. Нәтижесінде, көліктерді таңғы сағат 4-тен 6-ға дейін бір адам ұрлағаны анықталды", - деді министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз брифингте. 

Күдікті қалаға кешкі сағат 8-де келіп, қауіпсіздік жүйесі нашар автокөліктерді іздеген.

Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының криминалдық полиция қызметкерлері әккі ұрыны анықтап, ұстады.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, сыбайластарының бар-жоғы анықталуда. 

Белгілі болғандай, ер адам автокөліктерді қарапайым сызғыштың көмегімен ашқан. Содан кейін тұтану құлпын ашып, қозғалтқышты іске қосып, машинаны қауіпсіз жерге айдап апарған. Ол жерде көліктің нөмірін шешіп, оның орнына интернет арқылы сатып алған Ресейдің жалған нөмір белгілерін таққан. 

Полиция басқа адамдарға сатылған 6 көлікті тәркілеп, иелеріне қайтарды. 

Сондай-ақ, екі автомобиль бөлшектеліп сатылғаны анықталды. 

Қалған үш көлік әлеуметтік желілер арқылы сатылған, қазір оларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
Тергеу жалғасуда. 

Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, жыл басынан бері республика бойынша автокөлік ұрлаумен айналысқан 1300-ге жуық адам ұсталды.