НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Қостанай облысында екі пәтерлі жеке үйден өрт шығып, зейнеткер көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша от темекіден тұтанған, деп хабарлайды Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт 26 желтоқсан күні болды. Сағат 09:14-те Островное кентінің тұрғындары қоңырау шалып, екі пәтерлі жеке үйдің шатыры өртеніп жатқанын хабарлаған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, тілсіз жау қатты желден үйдің бүкіл шатырына тараған. Шатырдан бөлек, үйдің қамыстан жасалған қабырғасы да өртене бастаған. Жалын 100 шаршы метр аумақты шарпыды.
Тағы оқыңыз: Өрт кезінде 5 қызынан айырылған Ситерлер отбасында ұл бала дүниеге келді
"Өрт ауыздықталғаннан кейін бөлмелердің бірінен ер адамның денесі табылды. Ол 1956 жылғы зейнеткер болып шықты. Марқұм пәтерде жалғыз тұрған. Үйдің екінші бөлігі бос және құлыптаулы болды. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына зейнеткердің төсекте темекі тартуы себеп болды", - деп мәлімдеді департаменттен.
Тілсіз жауды сөндіруге жеке құрамның 9 адамы мен екі автоцистерна тартылды.