Қоғам

Нұр-Сұлтанда сотталушы палау ішіне не жасырмақ болғаны анықталды

Бұған дейін Атыраудағы тергеу изоляторына макарон ішіне төрт телефон салынғаны хабарланған болатын. Гаджеттер рентген аппараты арқылы анықталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан — Sputnik. Астанадағы ЕЦ-166/10 түзету мекемесіне телефон, алкоголь мен өзге тыйым салынған заттарды өткізбек болды.

Өткен аптада сотталушылардың бірі телефонды орамалға орап, сөмкеге жасырған. Ал енді бірі шұлыққа салып өткізгісі келді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Үшіншісі мүлдем ерекше жолын тауыпты. Ол жұмыс нысанынан келе жатқанда палаудың ішіне телефон тыққан.

Қоныс колониясында жазасын өтеп жүрген адам минералды судың үш 1,5 литрлік бөтелкесіне алкоголь құйып алған. Ол, сондай-ақ, телефонды да алып кірмек болды.

"Қызметкерлер қырағылығының арқасында мекемеге тыйым салынған заттардың кіргізілуіне жол берілмеді", - деді мекеме басшысының орынбасары Айдын Құмарбекұлы.

Тексеру жұмысын күшейту шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Атыраудағы тергеу изоляторына макарон ішіне төрт телефон салынып кіргізілмек болғаны хабарланған болатын. Гаджеттер рентген аппараты арқылы анықталды.