Қоғам

Коронавирустың екінші толқыны қашан басталады – вице-министр нақты көрсеткішті атады

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айында болатынын айтқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов коронавирустың екінші толқыны қай кезде басталатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біз болжам жасағанда ауруханалардағы бос орындарды ескереміз. Негізі, төсек-орындардың 70 проценті толатын болса, сонда коронавирустың екіншісі кезеңі басталды деп санаймыз", – деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айында болатынын айтқан. Бұл – пессимистік болжам. Бірақ эпидемиологиялық жағдай жақсарған.

Ал 7 желтоқсанда өткен онлайн брифингте денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пессимистік болжам бойынша коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді деген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустың британдық штаммы бар ма? – денсаулық министрлігі жауап берді

Айта кетейік, соңғы бір тәуліктің ішінде Қазақстанда 733 адамда коронавирус ПТР-тест арқылы расталды. Атырау облысы, Алматы қаласы мен Павлодар өңірінде ең көп жағдай тіркелген.

Жалпы, пандемия басталғалы бері 152 460 адам COVID-19 жұқтырған. Басым бөлігі жазылып шықты. Осы індеттен 2 259 науқас қайтыс болды.

Ал ковидтік пневмониядан, яғни, ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың анық белгілері бар аурудан 490 адам көз жұмды.