Өңірлер

Ақмола облысында 5 күн бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды

Аудандық полиция, құтқарушылар бөлімінің жеке құрамы мен екі аудан еріктілері, марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар іздеуге шықты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан — Sputnik. Ақмола облысында бес күн бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды облыстың полиция департаменті.

Марқұмның әйелі, дүйсенбі, 21 желтоқсан күні полицияға хабарласқан. Ол күйеуі Жарқайың ауданы Костычево ауылына танысының үйіне барғанын айтты. Таңғы жеті шамасында қайта жолға шыққан. 

Аудандық полиция, құтқарушылар бөлімінің жеке құрамы мен Жарқайың, Есіл аудандарының еріктілері, марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар іздеуге шықты. 

Олар қарда жүретін техника және алты көлік көмегімен табуға тырысқан. Далада салт аттылар да іздеу шарасына қосылды.

Топ ауыл маңын зерттеп, Коко өзенінің жағалауын тексерді. Костычево және жақын жердегі Донское ауылы тұрғындарынан сұрастырды.

Волонтерлер Сағынтай Сұлтанов пен Александр Вольф ер адамның денесін 26 желтоқсан күні тапты. Ол Костычево ауылынан батысқа қарай алты шақырым жерде болған. 

Полицейлер өзгенің қайғысына бей-жай қарамаған тұрғындарға алғыс білдірді.