НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан – Sputnik. Бүгінде ол өзінің қатты кеткенін мойындап бармағын шайнап отыр. Айтуынша, көршілері бала-шағасын түртпектеп күн көрсетпеген. "Осыдан кейін ашуға ерік бердім" деген келіншек енді ата-ана құқынан айырмауды сұрап отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Көршісінің "сенің балаларың ұры, сенің балаларың түрмеде жатады, түрмеде өседі" деген сөздері сүйегімнен өтті деген Айжамал "менің балаларым алған болса, мойындатқызам" деп шешім қабылдағанын айтады.
"Анамын ғой енді. Қатты өкінемін. Қатты ашумен істедім. Қалай істегенімді өзім де білмеймін. Бірақ ол тірлігіме өкінемін. Осылай жария болып кетеді деп ойламаппын...", – дейді ол.
Қазірге кезде төрт баласын дәрігерлер бастан-аяқ тексеріп шығып, ұрып-соғу нышандарының жоғына көз жеткізген. Ал Айжамалдың өзін психиатрға шақыртыпты.
Тұрмыс тауқыметін тартқан көпбалалы отбасы пәтер жалдап тұрады. Әлеуметтік желіге суретті таратқан жапсарлас бөлмені жалдап тұратын көршілері екен. Пәтер иесі енді ол отбасын қуып жатқан көрінеді.
Ал қамқорлық органдары Айжамалға қатысты жақын арада бір шешім қабылдайды. Ашуын қаршадай қызынан алған келіншек ата-ана құқынан айырылуы да әбден мүмкін.
"Қазір отбасы ювеналды полиция бөліміне тіркеуге алынды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті материалдар дайындалып жатыр. Сонымен қатар заңды өкілдерін заңмен белгіленген жауапқа тарту мәселесі қарастырылды. Анасы, әрине, өкініп отыр. "Ата-ана құқынан айырмаңыздар" деп сұрап отыр", – дейді қорғаншы және қамқоршылық бөлімінің басшысы Гүлім Жүсіпова.
Қызын аязда киімсіз үйден шығарып жіберді
Бұған дейін елорданың Сарыарқа ауданында әйел 8 жастағы қызын ішкиіммен ғана далаға шығарып жіберген болатын. Мұндай дерек алдымен Facebook әлеуметтік желісінде тарады.
Желі қолданушысы Ильмира Жұмат дабыл қағып, өз парақшасында жағаұстатарлық жағдай туралы жазба жариялады. Оның сөзіне қарағанда, фотоны көршілер түсірген. Одан кейін журналистерге жіберген.
Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын білді.
"23 желтоқан күні кешкі сағат 21.20-да полицияға елорда тұрғыны көршісі алты жасар ұлын ұрып жатқанын, ал сегіз жастағы қызын далаға қуып жібергенін хабарлады. Полиция қызметкерлері 35 жастағы әйелді анықтады. Оның айтуынша, балалар ойнаймыз деп, көршінің кірқыстырғыштарын рұқсатсыз алған. Сол үшін жазасын бергісі келген", - дейді құқық қорғаушылар.
Оқи отырыңыз: Қызын киімсіз үйден шығарып жіберген әйел: "Бөлме жалдаудан шаршадым"