Елорда тынысы

Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыруға бола ма – санитар дәрігер жауабы

Аяз ата мен Ақшақар Жаңа жыл кезінде көп үйді аралайды. Симптомсыз ауыратын науқастардың үйінде де болуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева тұрғындарға Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырмауға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Өздеріңіз білесіздер, Аяз ата мен Ақшақар Жаңа жыл кезінде көп үйді аралайды. Бір күнде бірнеше пәтерге барады. Симптомсыз ауыратын науқастардың үйінде де болуы мүмкін. Сол себепті оларды үйге шақырмауға кеңес береміз", - деді Пірәлиева әкімдікте өткен онлайн баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, бас санитарлық дәрігер Жаңа жыл түні отшашуды отбасының ортасында атуға кеңес берді.

Жаңа қаулыға сәйкес, астанада сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмыс күндері 10.00-ден 23.00-ге дейін, ал сенбі және мереке күндері 10.00-ден 20.00-ге дейін істейді.

Олардың қызметі жексенбі күні ғана тоқтайды, бірақ ғимараттың ішіндегі дәріхана, минимаркет, гипермаркет, супермаркеттер ашық болады. 

Қалада автобустар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 06.00-ден 23.00-ге дейін жүреді.

Еске салсақ, қазақстандықтар қаңтардың басында төрт күн демалады. Жаңа жылға байланысты 1-2 қаңтарда жұмыс болмайды. Ал 2 қаңтар сенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс күні дүйсенбі, 4 қаңтарға ауысады.