Қоғам

Қазақстандық продюсер отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтып берді

Естеліктерін жариялап жүрген Алуа Қонарова оқырмандарына балалық шағынан есінде қалған ең жарқын күндер туралы жазуға да уәде берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 желтоқсан – Sputnik. Продюсер Алуа Қонарова Instagram парақшасында балалық шағына қатысты оқиғаны жариялады. Ол әкесінің анасына қалай қол көтергенін айтып берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Төрт жасар кезім. Сол сәтсіз күн әлі есімде, ол күні мен әкем туралы бәрін түсіндім. Түнде айқайлаған дауыс естіп, қатты қорқып, жалаңаяқ үйдің дәлізіне жүгіріп шықтым. Ол кезде көргенім бүкіл өміріме із қалдырды. Анамның ұзын, әдемі, қалың шашы төгіліп еденде жатты", - деп жазды Қонарова.

Айтуынша, төрт жасында әкесі анасын қалай теуіп жатқанын көрген.

"Анамның ішінен, кеудесі мен арқасынан, бетінен теуіп жатқан адамның аяғы әлі күнге дейін есімде. Анамның аузынан қан ағып жатты", - деді продюсер.

Қонарова қорыққаннан булығып, болып жатқан жайттан ештеңе түсінбей айқайлағанын жазды.

Сонымен қатар продюсер әкесін кешіру үшін бірнеше жыл қажет болғанын, қазір ол туралы оңай айта алатынын жеткізді.

"Әкем мас болмаған кездері мені "бір жапырақ қызым" деп атайтын. Ол мені ерекше жақсы көрді. Алайда ол қасымда болса да, жанымнан табылған жоқ", - дейді Қонарова.

Естеліктерін жариялап жүрген Алуа Қонарова оқырмандарына балалық шағынан есінде қалған ең жарқын күндер туралы да жазуға уәде берді.