КӨКШЕТАУ, 24 желтоқсан — Sputnik. Щучинск қаласының блогері Әсем Мұқымова жариялаған видео желіде қызу талқыланды. Видеоға балабақшада бүлдіршіндерге жәбір көрсеткен қызметкерлер түсіп қалған.
Желі қолданушылары мекемені тексеруді талап етіп, комиссия құрылды. Тәрбиеші жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Оқиға "Мерей" балабақшасының филиалы "Ағажан" шағын орталығында болған, - деп жазады жазба авторы. Тәрбиеші баланың астынан орындықты әдейі алып қойды. Бала иегімен үстелге соғылды. Ал жанында тұрған туған ағасы қорыққаннан еш нәрсе істей алмай қалды".
Өзге тәрбиеші мұны көре тұра, телефонына үңіліп отыра берді.
"Тәрбиеші ұйқысы келмей, жай жатқан балаларды күштеп төсектен "жұлып алған". Кейін ұйқыға арналған киіммен 8-10 минут бойы бұрышқа тұрғызып қойған. Балалар бұрышта тоңып тұрды", - деп жазады ата-ана.
Сондай-ақ, балалар қорыққаннан үйде ешкімге айтпағанын жеткізді.
"Біз, ата-аналар, күдіктене бастадық. Алайда нақты дәлел керек болды. Балалардың біріне дыбыс тыңдалатын сағат тақтық. Соның арқасында тәрбиешілер балалармен қалай сөйлесетінін естідік", - деп жазды ол.
Тәрбиеші балалардың біріне:
- Саған тыныштандыратын дәрі берейін бе?!
- Сені тыныштандыру керек пе?!, - дейді.
Ақмола облысы білім басқармасы тексеріс болатынын айтты. Оған Бурабай ауданы білім бөлімі мен прокуратура қызметкерлері қатысады.
Арнайы комиссия құрылған. Тәрбиеші жұмыстан шеттетілді.