Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда кинотеатрларға 26 желтоқсаннан бастап жұмыс істеуге рұқсат етілді

Карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады, дейді қаланың бас санитар дәрігері
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 26 желтоқсаннан бастап кинотеатрлардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысында айтылған, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Орындар санын 30%-дан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

"Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді, акциялар өткізілмейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады", - деді Жанна Пірәлиева.

Сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында 24 сағатқа дейін ұзартылады. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралардың сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек.

Оқи отырыңыз: Министр жоғары сынып оқушылары үшінші тоқсанда қалай оқитынын түсіндірді 

Тұрғын үйлерде орналасқан объектілердің жұмыс кестесі сағат 22:00-ге дейін сақталады.

Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктерді, корпоративтерді және тойлауға арналған  басқа да орындарда өткізуге тыйым салынды.

Карантин және шектеу шаралары бұзылған жағдайда нысандар қызметі тоқтатылады.