Қоғам

Қазақстан АҚШ-тан екі барлау ұшағын сатып алмақшы

Ұшақтар мен әскери құрал-жабдықтардың алдын ала құны 128,1 миллион долларға немесе 54 миллиард теңгеге бағаланып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті конгресмендерді Қазақстанға King Air B300ER Scorpion үлгісіндегі екі ұшақтың сатылуы мүмкін екенін және оны мақұлдайтынын ескертті, деп хабарлады РИА Новости.

АҚШ-тың қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі агенттігі алдағы келісімшартқа қатысты мәлімдеме де таратты.

"Мемлекеттік департамент Қазақстан үкіметіне барлау, бақылау және шолып шығу жүйелері бар King Air B300ER Scorpion үлгісіндегі екі ұшақты және тиісті құрал-жабдықтарды ықтимал сатуды мақұлдауға шешім қабылдады. Барлығы, шамамен, 128,1 миллион доллар тұрады", - делінген агенттіктің хабарламасында.

Бұдан бөлек, корғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі агенттік екі ұшақтың ықтимал сатылуын ескертетін сертификацияны конгрестің қарауына ұсынды.

Мәлімдемеге сәйкес, Қазасқтан үкіметі King Air B300ER Scorpion үлгісіндегі екі ұшақты, сондай-ақ, датчиктер, радарлар мен басқа да құрал-жабдықтардың кешенін сатып алуға сауал жолдаған болатын. 

King Air ұшақтары

King Air B300ER Scorpion Aircraft — бұл көпфункционалды ұшақ. Онымен жүк тасымалдауға, сондай-ақ, барлау жүргізуге және шекараны күзетуге болады. Әлем бойынша осы үлгідегі ұшақтарды құқық қорғау органдары мен әскерилер кеңінен қолданады.

Ұшақтың модульді конструкциясы конфигурациясын аса маңызды міндеттерді орындау үшін өзгертуге мүмкіндік береді. Ондай операциялар әдетте, кем дегенде, алты сағатты алады.