Қоғам

Қазақстан өлім жазасын қандай жағдайда қолдануы мүмкін

Хаттамаға сәйкес, соғыс уақытында әскери аса ауыр сипаттағы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдануға рұқсат етіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс Қазақстанда өлім жазасын алып тастауды көздейтін екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілісте "Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық актіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. 

Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылы желтоқсанда мораторий енгізілген болатын. 

"Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өлім жазасын қолдану саласын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын жүргізуде. Жаһандық үдерістерге белсенді ықпалдасу саясатын жүргізу бөлігінде бұл бағытты жалғастыру аясында 2019 жылы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші факультативті хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды", - деді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді. 

Президенттің жарлығына сәйкес 23 қыркүйекте БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров екінші факультативтік хаттамаға қол қойды. 

Министр екінші факультативті хаттама ел парламентінің міндетті ратификациялауына жататынын атап өтті. 

"Халықаралық құжатқа сәкйес, қол қоюшы елдер өлім жазасын қолданбау, өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Өлім жазасын тек соғыс уақытында қолдануға рұқсат етіледі", - деді министр. 

Ол Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпені пайдалануға ниетті екенін айтты. 

Қазақстан екінші факультативті хаттаманың 2-бабына сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады. 

"Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральді-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. Осы мәселенің сезімталдығын ескере отырып, үкімет регламентіне сай қазақстандық қоғамның пікірін зерделеуді ескере отырып, келісудің барлық қажетті рәсімдері жүзеге асырылды. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбауының тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз", - деді Тілеуберді.

Мәжіліс екінші факультативті хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.