Қоғам

Бір жыл бойы іздеуде болған күдікті елордада ұсталды

Жас жігіт тонау жолымен алынған ұялы телефонды 40 мың теңгеге сатып, сол ақшаға Нұр-Сұлтан қаласына кеткен
Sputnik

АЛМАТЫ, 23 желтоқсан – Sputnik. Бір жыл бұрын Түркістан облысының тұрғынын тонап кетті деген күдікпен жас жігіт ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Полицияның хабарлауынша, Келес аудандық полиция бөліміне 2019 жылдың қазан айында жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші кешкі сағат 20:30 шамасында оның үйіне белгісіз біреу кіріп, "ОРРО" маркалы ұялы телефонын алып, қашып кеткенін айтқан.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.

Аталған іс Қылмыстық кодекстің 191-бабы (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдіктіге республика көлемінде іздеу жарияланды.

Ашық түрде тұрғынды тонаған күдіктіге Келес аудандық соты сырттай "күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын" тағайындады.

Жалғыз жүрген қыздарды ғана тонаған: Алматыда әккі ұры ұсталды 

Бір жылға жалғасқан жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікке ілінген азамат Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің бірінен ұсталды. Жас жігіт полиция бөліміне жеткізілді.

Полиция ақпаратына сәйкес, күдікті қылмыс жасайтын күні мас болған, ол өзгенің ашық тұрған қақпасы арқылы үйге кірген. Тонау жолымен алынған ұялы телефонды 40 мың теңгеге сатып, сол ақшаға Нұр-Сұлтан қаласына кеткен.

Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.