Өңірлер

Жұрттың ашуын тудырған маңғыстаулық видео "кейіпкері" жұмысынан қуылды

Шәкіртінің бетінен шапалақпен ұрып, басынан нұқыған жаттықтырушы жұмыс істеген мектеп директоры да жауапкершілікке тартылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Жаңаөзен мектебіндегі волейбол командасының жаттықтырушысы Азамат Тұрмағамбетов шәкіртінің бетінен ұрғаны үшін жұмысынан айырылды.

Бапкер өткен жексенбіде, 20 желтоқсан күні қызметінен босатылды. Тиісті бұйрыққа Тұрмағамбетов жұмыс істеген №3 мектептің директоры қол қойды, деп хабарлайды Lada.kz.

Оқу процесі кезінде спорттық іс-шаралар өткізгені үшін білім беру мекемесінің директоры да тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Әдетте мұндай іс-шаралар қалалық білім бөлімімен келісілгеннен кейін өтуі тиіс. Ал мұнда балалар білім алуға рұқсат етілмеген кездің өзінде жарысқа барған. Пандемияға байланысты директор тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – деді Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің бастығы Ысқақ Құлатай.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде волейбол жаттықтырушысы өз шәкіртінің жағынан салып қалып, басынан нұқыған сәт түсірілген видео тараған болатын.

Бұл факт бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, кейіннен осы жағдайға байланысты видеоның "кейіпкері" түсініктеме берген.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда барлығы сатылады" деген спортшы енді не істейтінін айтты

Өз сөзінде ол шәкіртінің көшбасшы екенін және командасын жігерлендіру үшін осындай әрекетке барғанын айтқан.