Алматыдағы орталық мемлекеттік музейде авторлық қуыршақтар мен Teдди қонжықтары ойыншықтарының "Жібек жолы" халықаралық көрмесі өтуде. Оны Asia Doll Қазақстан қуыршақ шығармашылығы одағы ұйымдастырды.
Көрмеге Қазақстан мен Ресей және Беларусьтен 60 шебердің 500-ге жуық туындылары қойылды. Авторлардың қуыршақтары түрлі материалдардан істелген. Атап айтқанда, полимерлі балшықтан жасалған дизайнерлік қуыршақ пен тоқыма қуыршақ, киіз қуыршақ және Тедди қонжықтары көрермен назарына ұсынылды.
Қолөнер шебері Марина Құрманова ханшайым Будурдың бейнесіне қатысты пікір білдірі.
"Бұл қуыршақ өзіндік кескінін таба алмай ұзақ жатты. Киімдері де өте көп таңдалды. Сөйтіп жүргенде оның жалаңаш табиғи қалпына үйреніп кеттім. Ал "Жібек жолы" көрмесі өтетінін білген соң, бірден осында алып келу керек деп шештім", – дейді шебер.
Көрменің тағы бір қатысушысы Гауһар Игілікова ұлттық киім киген қыз бен жігіттің образын шығарған. Ал Екатерина Курочкина болса, ертегі желісі бойынша ата-ана мен баланы мүсіндеп, отбасылық қуыршақ экспозициясын жасаған.
Қуыршақтар қалай жасалады
Жібек жолының тарихын бейнелейтін ойыншықтар экспозицияда ерекше орын алады. Қолөнер шеберлері сауда бағытының жолы өткен елдердегі халықтық ертегілердің қуыршақ кейіпкерлері туралы өздерінің көзқарастарын ұсынды.
"Біз қуыршақтары заманауи өнерге айналған деңгейге жеттік, сондықтан да халықаралық көрме өткізу идеясы пайда болды. Ол бірнеше жобаны қамтиды. Соның ішіндегі ең маңыздысының бірі – Жібек жолының Алтын ғасыры. Біз ұлттық нақыштағы қуыршақтарды жинадық. Өйткені, Жібек жолы Қазақстан арқылы өткендіктен, өз жұмысымызда қазақтың, жалпы түркілердің костюмдерінің неден жасалғанын көрсетуді жөн санадық", – дейді Asia Doll қуыршақ жасаушылар командасының идеялық демеушісі Татьяна Семенова.
Оның айтуынша, XVIII-XIX ғасырларда қуыршақтарға костюм жасау үшін табиғи маталар қолданылған. Ол кезде Қазақстан маталарға өте бай болды. Олар Қытайдан әкелінді, бізде жақсы жібек пен пүліш бар.
Татьяна Семенова қуыршақтар негізінен пісірілген немесе өздігінен қатаятын пластмасса мен полимерден және цирниттен жасалатынын айтады. Оларды бірнеше бөлшектерден құрастырады.
Қазіргі кезде қуыршақ жасау процесінде қағаз балшық пен полимер қолданылады. Оны қарапайым пештерде пісіруге болатындықтан, кез-келген адамға мұндай қуыршақты жасау қиын емес. Десек де, Қазақстанда фарфордан қуыршақ жасайтын шеберлер аз сирек болса да кездеседі.
Ал қуыршақтардың үстіне киім, шаш пен көз табиғи материалдардан жасалады. Мысалы, ешкі немесе жылқының жүні шаш ретінде қолданылса, әйнектен көз жасайды.
"Қуыршақ – бұл өте көп қырлы туынды. Мұнда тек мүсін ғана емес, тігіншінің, шаштараздың, етікшінің де жұмысы бар. Біз аяқ киімдерді шынайы былғарыдан тігіп, қуыршақтардың шаш үлгілерін жасаймыз", – дейді Татьяна Семенова.
Шығармашылықтағы тылсым дүние
Қуыршақ шығармашылығында тылсым дүние көп, дейді қуыршақ командасының идеялық шабыттандырушысы. Айталық, шебер жұмысқа отырғанда, оның алдында пластилинге ұқсас саздың бөлігі жатады. Ал оны жасай бастағанда қуыршақ жанға иелік етеді десек те болады. Өйткені, шебер оған өзінің көңіл-күйі мен сүйіспеншілігін салады.
"Тылсым дүние дәл осы көрмеде болған. Көкшетаулық шебер Настя Елисееваның "Малика" туындысын алып келді. Мен қорапты ашып, қуыршақты алып ем ол жып-жылы күйде жатыр. Ол маған тірі сәбидей сезілді. Қалай десек те, сол туынды өзінің тым шынайылығымен көрермендерге қатты әсер етті", – дейді Семенова.
Ол бұл қуыршақтың бір жарым ай шамасында биыл ғана жасалғанын атап өтті.
Тедди қонжықтары
Шебер Марина Құрманованың айтуынша, Teдди қонжықтарының өнер түрі ретінде Қазақстанда пайда болғанынан әлі көп уақыт өте қойған жоқ.
"Бізде жеке шеберлер аз емес. Бірақ Нижний Новгородтан шебер Юлия Бизаева келіп, бірнеше шеберлік сабағын өткізгеннен кейін, бұл ойыншық танымал бола бастады. Қазір мұнда қазақстандық және Нижний Новгород шеберлерінің 20-дан астам туындылары бар. Сонымен қатар, экспонаттар арасында түлкі, қоян мен қасқыр мүсіндері де бар", – дейді ол.
Қонжықтар винтажды матадан, қыжым немесе мохер жүнінен жасалады. Мұндай маталар 50 жылдан бері сапасын сақтап келеді. Дегенмен, мохер жүнінен жасалған қонжықтар уақыт өте қылшыққа айналады.
Ойыншықтар табиғи материалдардан жасалған және балалардың ойнауы үшін қауіпсіз. Сондай-ақ, қонжықтың аяғы мен басы қозғалады әрі оның киімін ауыстыру да аса қиындық тудырмайды.
Ересектерге арналған ойыншықтар
Қуыршақ немесе қонжықты әдетте бір адам жасайды. Бұл бір айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Ал оның бағасы өндіріс уақыты мен пайдаланылатын материалға байланысты – 100 доллардан 5 миллион теңгеге дейін тұрады. Шеберлер жеке тапсырыстарды да қабылдайды. Олар қуыршақты тапсырыс беруші ұсынған фотосуретке сәйкес жасайды.
Қазіргі кезде қуыршақтар коллекционерлер арасында ғана емес, сонымен қатар қарапайым қазақстандықтар үшін де танымал сыйлық болып табылады.