НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Үкіметтің қаулысымен коронавирусқа қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілді. Премьер-министр Асқар Мамин қол қойған құжат "Әділет" нормативтік құқықтық актілер ақпарат-құқықтық жүйесі сайтында жарияланды.
Ережеде коронавирусқа қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеуге қою тәртібі жазылған. Атап айтқанда, вакцинаны уақытша тіркеу үшін Мемлекеттік сараптама ұйымына арнайы үлгі бойынша өтініш пен құжаттар тізбесін тапсыру қажет.
Мемлекеттік сараптама ұйымы өз кезегінде бір күннің ішінде сарапатама комиссиясын жасақтайды. Оған мемлекеттік сараптама ұйымының сарапшылары, биоэтика жөніндегі орталық комиссияның өкілдері, медициналық ұйымдардың өкілдері, медицина, биология, микробиология, иммунология және эпидемиология саласындағы қызметті жүзеге асыратын бейінді ұйымдардың қызметкерлері кіреді.
Сараптама комиссиясының төрағасы қызметіне мемлекеттік сараптама ұйымы басшысының орынбасарынан төмен емес тұлға тағайындалады. Ал комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуы тиіс. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
Вакцинаны уақытша мемлекеттік тіркеуге қоюға қатысты құжаттар он жұмыс күні ішінде қаралады. Ал қандай да бір ескертулер болса, өтініш берушіге үш күнде хабар беріледі.
"Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, сондай-ақ сараптама комиссиясының ескертулері осы тармақта көзделген мерзімдерде жойылмаған жағдайда, сараптама комиссиясы теріс қорытынды береді", - делінген ережеде.
Мемлекеттік орган сараптама комиссиясы ұсынған вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытындының негізінде бір жұмыс күні ішінде вакцинаны 9 айға уақытша мемлекеттік тіркеуге қояды. Ал өтініш берушіге тиісті куәлік беріледі.