НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Конституциялық кеңес президентінің өтініші бойынша өлім жазасын қолдану мәселелерін реттейтін Конституция ережелеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан кеңестің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, қыркүйектің соңында Қазақстан өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттамаға қосылған болатын. Оны парламент арқылы ратификациялау қажет. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық кеңеске өтініш жасап, Конституция мен факультативтік хаттаманың ең ауыр жазаны қолдану мәселелерін реттейтін нормаларының арақатынасын зерделеп шығуды сұрады.
"Конституциялық кеңес факультативтік хаттаманы ратификациялау үшін негізгі Заңға түзетулер енгізудің қажеті жоқ деп шешті", - делінген ресми хабарламада.
Ата заңымызда адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін өлім жазасын белгілеу қарастырылған.
"Өлім жазасын белгілеу немесе одан бас тарту, олардың шеңберін қысқарту туралы мәселе парламенттің қарауына қалдырылады. Заң шығарушы орган өлім жазасының күшін ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер енгізу арқылы ғана жойып қоймайды. Сондай-ақ, жазаның осы түрі белгіленуі мүмкін қылмыстарды жоюды немесе санын шектеуді көздейтін халықаралық шартты ратификациялау арқылы да жоя алады", - дейді мамандар.
Кеңес шешіміне сәйкес, Конституция факультативтік хаттаманы ратификациялауға кедергі болмайды. Ал хаттама ратификацияланғаннан кейін қылмыстық кодекс оның талаптарына сәйкестендірілуі тиіс.