НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қорғаныс министрлігінің кадрлар және әскери білім департаментінің бұрынғы бастығы пара алғаны үшін бес жылға сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
"2019 жылдың мамыр айында сотталушы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы "Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты" РММ-ге офицерлік қызметке тағайындағаны үшін 200 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталды", - деп хабарлады ведомство.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік шенеунік жұмысқа орналастырғаны үшін 15 мың доллар алған – видео
Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен әскери қызметші бес жылға бас бостандығынан айырылды, ол енді өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқара алмайды.
Сонымен қатар, сот Қазақстан президентінің атына сотталушыны "генерал-майор" әскери атағынан және "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс жібереді.