Қоғам

Сәтбаевтағы қыз зорлау оқиғасы: тергеу изоляторының басшылығы жазаға тартылды

Күдіктінің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыс құрамы болмағаннан кейін тоқтатылған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Сәтпаев қаласында бес жасар қызды зорлағаны үшін айыпталған күдікті өз-өзіне қол салғаннан кейін қарағандылық тергеу изоляторының басшылығы тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға қылмыстық атқару жүйесінің комитеті хабарлады.

Комитет мамандары күдіктінің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралараның жүргізілгенін жеткізді. Бірақ қылмыс құрамы анықталмағаннан кейін тергеу тоқтатылған болатын. Сот-медициналық сараптама кезінде марқұмның денесінде зорлық-зомбылық ізі болмаған.

Ал қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тиісті бақылауды жүргізбегені үшін бірнеше адам тәртіптік жазаға тартылды. Олардың ішінде қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылық құрамы да бар.

Сәтбаевты дүрліктірген оқиға

24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген еріктілер де қызды іздеуге шықты.

Түнде жоғалған бес жасар қыз белгісіз ер адамның пәтерінен табылды. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар ер адамды өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.

Жиналған жұрт күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке және полицияға барды. Бірнеше көлік өрттенді. Қалаға ұлттық ұлан күштері кіргізіліп, жағдай бақылауға алынды.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевтағы толқу: бес жасар қыздың ата-анасы үндеу жасады

Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.