"Стратегия" Қара теңіз флоты үшін барлық бақылау құралдарын қамтиды. Жаңа жүйе мен оның мүмкіндіктері жайында РИА Новости арнайы мақала жариялады.
Заманауи теңіз бақылау жүйелерінің көпшілігі, әдетте, ортақ желіге байланған және теңізді жағалау сызығынан көптеген километр қашықтықта сканерлейтін радиолокациялық станциялар түрінде келеді. Кемелердің қозғалысы туралы барлық ақпарат шешім шығарылатын бір орталыққа жолданады. Мысалы, шекараны бұзушыны ұстау туралы мәлімет.
"Стратегия" да радиолокациялық принципке негізделген", – деп түсіндірді "Арсенал отечества" журналының бас редакторы Виктор Мураховский.
Сарапшы пікірінше, "Стратегия" Қара теңізді жағалауда да, кемеде де қадағалайтын барлық радиолокациялық станциялардың мүмкіндіктерін біріктіреді. Шалғайдағы жекелеген аудандарды бақылау үшін оған мың километрден астам радиустағы аумақты сканерлей алатын радарларды қосуға болады. Жаңа технологияның басты ерекшелігі – жоғары автоматтандыру.
"Бүгінде су үстіндегі жағдайды бақылаумен Флоттарды жауынгерлік басқару орталығының мамандары айналысады. Бұл Кеңес заманынан келе жатқан құрылым. Операторлар үлкен көлемдегі деректерді көбінесе қолмен өңдейді. Қазір мұны компьютерлер орындап жатыр. Демек, жаңа жүйеде іс-қимылдың көп бөлігі автоматикаға көшеді", – дейді Мураховский.
Қыркүйек айының соңында Бас штабтың басты жедел басқармасының басшысы Сергей Рудской 2020 жылы Солтүстік Атлантика Альянсының әскери кемелері Қара теңізде 2019 жылға қарағанда үш есе көп болғанын айтты.
Шілде айында өткен Sea Breeze-2020 оқу-жаттығуы кезінде НАТО белсенділігі артқан. Бұл шараға АҚШ, Украина, Болгария, Грузия, Норвегия, Румыния, Испания және Түркияның екі мыңға жуық әскери қызметшілері мен 25 кеме және авиация қатысты.
"Бұл кемелердің 40 процентке жуығы ұзақ қашықтыққа ұшатын жоғары дәлдіктегі қаруды тасымалдаушылар. АҚШ 90 қанатты зымыранды тасымалдауға қабілетті Roosvelt эсминеці Қара теңіз аумағына жиі кірді", – деді Рудской.
Шындығында, НАТО әскери-теңіз күштерінің Қара теңізде үнемі маневр жасауына тосқауыл жалғыз нәрсе – 1936 жылы қол қойылған Монтре конвенциясы. Келісім Босфор мен Дарданелл бұғаздарының мәртебесін анықтайды. Сонымен қатар Қара теңіз мемлекеттеріне жатпайтын елдердің әскери кемелерінің акваториясында үш аптадан астам мерзімде болуына тыйым салады. Сондай-ақ, конвенция Қара теңізде бір мезгілде жалпы сыйымдылығы 30 мың тоннадан аспайтын тек тоғыз кеме болуы мүмкін екенін қарастырады.
АҚШ және оның одақтастары Ресейдің Қара теңіздегі әскери қабілетіне қатты алаңдайтынын жасырмайды.
Желтоқсан айында америкалық RAND стратегиялық зерттеу орталығы аймақтағы Қара теңіз флоты мен НАТО теңіз күштері арасындағы текетіресті модельдеді.
Сонымен қатар, Қырымның өзінде ең заманауи әуедегі шабуылдан қорғаныс жүйелерімен және теңіз нысандарына жағалаудан соққы жасауға қабілетті зымыран кешендерімен жабдықталған әскери топтар орналасқан. Олар мобильді және позицияны тез ауыстыра алады. Бұл оларды анықтау мен жоюды қиындатады.
Америкалық сарапшылар Ресей НАТО елдерімен қарулы қақтығысқа бармай-ақ, Қара теңізді өз бақылауына алады деген қорытындыға келді. RAND сарапшылары оған психологиялық шабуылдар, кибернетикалық операциялар, ақпараттық соққылар және радиоэлектронды күресті жатқызып отыр.