НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Геннадий Головкинмен рингте үшінші рет кездесуге келісті.
Бұл туралы ол британиялық Каллум Смитті жеңгеннен кейін берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
"Болашақта Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуім мүмкін бе? Мен тек үздіктермен жұдырықтасқым келеді. Егер бұл жекпе-жекті қабылдау мүмкіндігі туып жатса, мен бас тартпаймын. Мен үздіктермен төбелескім келетінін көрсеттім", - деді ол.
Бүгін таңертең Сауль Альварес (54-1-2, 36 КО) суперорта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін Ұлыбритания боксшысы Каллум Смитпен (27-1, 19 КО) жекпе-жек өткізді.
"Канело" – Смит жекпе-жегі он екі раундқа созылды. Төрешілер жеңісті бірауыздан Альвареске берді – 119-109, 119-109 және 117-111.
"Ұзақ үзіліс болғанына қарамастан, біз бұл жекпе-жекке дайындалу кезінде үлкен жұмыс атқардық. Мен рингке оралғаныма бақыттымын. Иә, қарсылас мықты, бірақ мен бірінші раундта-ақ өзімнің кім екенімді көрсеттім. Әлемдегі үздік боксшы екенімді дәлелдедім", - деді жеңістен кейін мексикалық боксшы.
Жекпе-жек барысында поляк боксшысы төрт рет нокдаунға түсті. Командасы жеті раундтан кейін жеңілісті мойындап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Айта кетсек, қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы бірінші кездесу тең аяқталды. Ал екінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен "Канело" жеңіске жеткен болатын.