АЛМАТЫ, 20 желтоқсан – Sputnik. Тұрмысқа шыққалы сахнадан біршама алыстап қалған отандық әнші Динара Қырықбаева отбасы жайлы жазба жариялап, бір жыл бұрын күйеуімен ажырасып кеткенін мәлімдеді.
Айтуынша, әлеуметтік желідегі оқырмандары күн сайын күйеуіне қатысты сұрақ қоюды жиілеткен.
"Сіздерге айтатын уақыт келді... Біз 5 жыл бірге болдық, үш керемет баламыз бар. Балаларды екеуміз де қатты жақсы көреміз. Бірақ бір жыл бұрын біз ажырасып кеттік", - деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Қырықбаева бұрынғы күйеуімен жақсы қарым-қатынаста екенін, бір-біріне көмектесіп, қолдайтынын айтты.
"Балаларымыз үшін Әке мен Ана болып қала береміз. Менің де, балалардың да жағдайы жақсы, уайымдамаңыздар", - деп жазды ол.
Айта кетейік, Динара Қырықбаева 2015 жылы Олжас есімді азаматқа тұрмысқа шықты. 2016 жылы қызы Айша, 2017 жылы ұлы Бисұлтан, 2019 жылы Айя есімді қызы дүниеге келді.