"Түркия біржақты тәртіпте Еуропалық Одаққа қарсы арандатушылық әрекеттерді ұйымдастырып, риториканы күшейтуде. Заңсыз екеніне қарамастан, Шығыс Жерорта теңізінде, Кипрдің айрықша экономикалық аймағында Анкара бұрғылау жұмыстарын жалғастыруда", - деді күні кеше аяқталған ЕО саммитінің қатысушылары.
Анкараның белсенділігін бәсеңдету үшін еуропалықтар түрік шенеуніктері мен кәсіпкерлеріне қатысты санкцияларды кеңейтті: олардың Еуроодақ елдеріне кіруіне тыйым салынып, олардың еуропалық активтеріне шектеу қойылады, деп жазады РИА Новости.
Түріктерге қарсы алғашқы санкциялар былтыр күзде жарияланған болатын. Санкциялар себебі - Шығыс Жерорта теңізіндегі газ кен орындарын заңсыз барлау. Бірақ санкциялар Реджеп Тайып Ердоғанды тоқтата алмады. Жазда ол бұрғылау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
Қысымды күшейте отырып, Брюссель жағдайды қалыпқа келтіруге әлі де мүмкіндік береді. Саммиттен кейінгі мәлімдемеде түрік-еуропалық қарым-қатынастың позитивті өрбуі жайлы айтылған.
"Санкциялар Еуропаның беріктігінің көрінісі. Бірақ бұл жеке мақсат емес, бұл Анкараның мінез-құлқын өзгерту құралы. Біз әрқашан диалогқа ашықпыз және сындарлы түрде жұмыс істеуге дайын екенімізді білдіреміз», - деді Эммануэль Макрон.
Франция көшбасшысының сөздері Париж бен Анкара арасындағы күзде күшейген даудың жалғасы ретінде қарастырылды. Мектеп оқушыларына Мұхаммед пайғамбардың карикатураларын көрсеткен география мұғалімі Сэмюэль Пати өлтірілгеннен кейін Макрон ислам дағдарысы және мемлекеттің зайырлы құндылықтарын қорғау қажеттілігі туралы мәлімдеген болатын. Ердоған оған жауап ретінде "психикалық денсаулығын тексеруге" кеңес берді.
Еуропа елдері Макронды қолдады. Француздар мен түріктердің сөз қақпайласуы кезекті санкциялар соғысына ұласуына шақ қалды. Бірақ, америкалықтар араласып, Түркия альянстың маңызды әскери-стратегиялық серіктесі екенін еске салды.
Мұхиттың арғы бетінен келген татуласу мәлімдемесі еуропалықтардың көңіліне күдік орнатты. Себебі, Анкараның ресейлік С-400 кешендерін сатып алғаны үшін түріктер мен америкалықтардың дауы әлі аяқталған жоқ еді.
Құрама Штаттардың сайланған президенті бұл мәселеге қатысты әлі түсініктеме берген жоқ. Бірақ ол Американың НАТО-дан алшақтауы доғарылатынын анық айтты. Сонымен бірге, Ақ үйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп билік тізгінін Байденге тапсырмас бұрын Американың Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы НАТО операцияларына қатысуын азайтатытын мәлімдеді.
Сонымен қатар, "Америка қарсыластарына қарсы әрекет ету туралы" заң аясында Анкараның ресейлік С-400 зениттік зымыран кешендерін сатып алуына байланысты түріктерге қарсы санкциялар қабылдады. Эрдоғаны мұны "НАТО бойынша серіктеске көрсетілген құрметтемеушілік" деп атады.
"Біз АҚШ және Еуроодақпен берік саяси және экономикалық байланыстамыз. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Санкциялар зиян келтіреді. Біз серіктестеріміз әділеттілік танытады деп күтеміз", - деді Түркия президенті.
Анкарадағы саяси зерттеулер орталығының сарапшысы Орхан Гафарлының айтуынша, Эрдоған НАТО-дағы мүшелікті өз саясатын жүзеге асыруға кедергі ретінде қарастырмайды. Макрон мен Эрдоғанның арасындағы дау бұрыннан бар. Алайда, бұл ашық соғысқа дейін өршіген жоқ. Себебі, екі ел де НАТО-ға мүше.
"АҚШ Анкараға альянсан шығуға жол бермейді. Себебі, америкалықтар Түркия арқылы Қара теңіз бен Кавказ амағындағы өз ықпалын арттыруға тырысып жатыр", - дейді "Обсерво" франция-ресейлік аналитикалық орталық директорының орынбасары Игорь Деланоэ.
Маманның пікірінше, ерте ме, кеш пе, түріктер мен француздардың қарым-қатынасы қалыпқа келеді. Оның үстіне, қос ел арасында айтарлықтай қайшылық жоқ. Бірақ, әзірше мәмілеге келуге өткір себеп болмағандықтан, Түркияның Франция және жалпы НАТО-мен ерегісі сақталып тұр.