НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен бірлескен коронавирусқа қарсы вакцинаның өндірісі келесі аптада іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында айтты.
Президент өз сөзінде коронавирустық инфекцияға қарсы жаһандық күресте Ресейдің жетекші рөл ойнайтынын және әлемде бірінші болып вакцина тіркегенін атап өтті.
"Қазақстан да өз вакцинасын әзірлеп жатыр, ол сынақ барысында жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Келесі аптада Ресеймен бірлескен өндірісті іске қосамыз. Ресейлік және қазақстандық вакцина шығарылады, оның ішінде экспорт та қарастырылған", - деді Тоқаев.
Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин РФ-ның COVID-19-ға қарсы вакцинациялау бойынша ТМД елдеріне көмектесуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ вакцина өндірісін бірлесіп қолға алуды ұсынды.
"Біз бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз", - деп мәлім етті Путин.
Ол ТМД елдерінің халқы үшін бұл процестің маңызды екенін, өйткені экономикалық және гуманитарлық салаларда тығыз қарым-қатынас орнағанын атап өтті.